Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесін біреулер қорқытқанын растады

Qaz365.kz редакциясы

«Балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп ескерту жасаған

Qaz365.kz

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Талғарда ұлынан айырылған Қаржаубай Нұрымовты шынында да біреулер қорқытқанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Олар көшеге шығып жауып тастағанға дейін, қателеспесем 8 қазанда біздің команда қосылды. Талғар ІІБ тарапынан нақты тергеуші кім екенін, кімдер ұсталғанын хабарламады. Сол себепті менің тарапымнан адамдар қосылды. Қонаевтың облыстық полиция департаменті қазір Талғардың полициясымен жұмыс істеп жатыр. Нұрымовтар отбасын қорғап тұрғандар да жергілікті полиция қызметкерлері емес. Біз іске қосылғалы қандай да бір волокиталарды көріп тұрған жоқпын. Адвокаттарымыз жұмыс істеп жатыр. Тергеумен етене жұмыс жүргізіліп, өтініштеріміз қанағаттандырылуда. Отбасының қауіпсіздігін қорғау туралы біздің өтінішіміз өртке дейін болған», – дейді ол.

Айтбек Амангелдінің сөзінше, Қаржаубай Нұрымов өзіне жеке бір жағдайды айтып берген.

«Белгісіз адамдар қымбат көлікпен келіп, блогер, адвокат болып танысқан. Содан кейін олар телефон тұтқасын ұстатқан. «Сізбен адвокат сөйлеседі» деген. Алайда біздің қорғалушымызға «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп ескерту жасалған. Қазір бұл фактіні де тергеу тексереді деген үміттеміз. Қандай да бір топтың осы іске қатысы бары туралы әңгіме шыға бастаған кезде біз ең алдымен отбасын қауіпсіз жерге көшіруді ойладық. Алматыға немесе Қонаевқа көшіреміз дегенбіз», – дейді Айтбек.