Үржарда имам 11 жастағы қызды қағып кетті. Облыстың бас имамы қалай болғанын түсіндірді

Qaz365.kz редакциясы

Күдікті 10 жылдан аса уақыттан бері Үржар ауылдық мешітінде жұмыс істеген

gov.kz

14 қазанда Абай облысы Үржар ауданында «Toyota Rav-4» көлігін басқарып келе жатқан 44 жастағы жергілікті имам 11 жастағы жаяу жүргіншіні қағып өлтірген болатын. Осыған қатысты Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Оқыс оқиға 14 қазан күні сағат 11:50 уақыт шамасында болған. Абай облысы Үржар ауданы, Үржар ауылдық мешітінің имамы Қайырбек Ақжігітов абайсызда жеке көлігімен Үржар ауылының ішінде 5-сынып оқушысы Нұрай Сымбатқызын қағып кетеді. Өзінің және куәгерлердің айтуынша көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырым/сағаттан асырмаған. Қыз баланы көшеде бөтен ит қуалаған, соның салдарынан қыз бала абайсызда жол ортасына жүгіріп шыққан. Көлікті жүргізуші Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Осыдан кейін Қайырбек Қалибекұлы зардап шегушіні дереу ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай жас қыз бала ауыр жарақаттан ота үстінде қайтыс болды. Оқиға байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Асқар Мұқанов.

Ол Қайырбек имам 10 жылдан аса уақыттан бері Үржар ауылдық мешітінде абыроймен қызмет етіп келе жатқан дін маманы деп отыр. 

«Қызмет барысында қандайда бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары орын алмаған. Бұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отырғанын мәлімдеймін», - дейді Абай облысының бас имамы.

Айта кетейік, осы фактіге байланысты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.