Халық «Халық әртісі» атағын баяғыда беріп қойған.
Республика күні қарсаңында президент жарлығымен бірнеше азамат Халық әртісі атағына ие болған еді. Марапатқа ие болғандардың арасында опера әншісі Майра Мұхамедқызы бар. Qaz365.kz тілшісі әншінің жаңалықты қалай қабылдағанын, қандай сезімде болғанын сұрап білді.
Өнердегі еңбегі бағаланып, үлкен атақ алып жатқан Майра Мұхамедқызы бақытты екенін айтты.
«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ қой. Халық маған «Халық әртісі» атағын баяғыда беріп қойған. Қолымда тек сол қаулы, сертификаты ғана болған жоқ қой. Сондықтан бүгін Үкімет соны беріп, жарлық шығарып жатқанына мен өте бақыттымын. Әлемнің сахнасында Қазақстанның халық әртісі деген атқа лайық өнер көрсетіп-ақ жүрмін ғой. Енді сахнаға ұялмай, қысылып-қымтырылмай шығатын болдым. Әрине, күттім. Әсіресе, былтыр қатты күткен едім. Өйткені, «Қазақстанның халық әртісі» атағын орнына қайта қойды ғой. Сол кезде беріледі деп тізімде менің де атым жүрді. Бірақ маған берілген жоқ. Сонда жылап қалдым» - дейді әнші.
Майра Мұхамедқызы - қазақтың ең атақты опера әншiсi (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі.