Алматыда Республика күніне орай "Дрондар шоуы" өтеді

Nur-Altay Umirzak

Дрондар шоуы 25 қазанда Абай және Астана алаңдарында өтеді

Сурет: Алмаз Төлек

Қазақстан Республикасы күні орай 2024 жылы 25 қазанда сағат 21.00-де Абай алаңында, Республика Сарайының (Достық даңғылы, 56) алдында және 21.30-да «Астана» алаңында дрондар шоуы өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара республика күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бірі болып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін таңғажайып көрініс ұсынады. Шоу шамамен 20 минутқа созылып, Алматының аспаны жарқыраған тамаша қойылымға айналады.

Дрондар шоуының ұйымдастырушылары 500-ден астам дронды аспанға ұшырып, ұлттық мәдениет элементтері мен ел тарихындағы маңызды сәттерді бейнелейтін визуалды 3D бейнелерін жасайтын ерекше бағдарлама дайындаған. Жарық қондырғыларын ұлттық бірлік пен мақтаныш рухын айқындайтын музыкалық шығармалар сүйемелдейді.

Дрондар шоуы мерекені тойлаудың инновациялық тәсілі ретінде Қазақстанның технологиялық даму мен экологиялық бастамаларға деген талпынысын көрсетеді. Дәстүрлі отшашудың орнына дрондарды пайдалану бірегей визуалды эффект қана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді. Шоу қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылған.

          Бұған қоса, 25 қазан күні сағат 20.00-де Республика күніне орай Көктөбе телемұнарасында мерекелік сәулеттік жарықтандыру қосылады. Естеріңізге сала кетейік, телемұнараның жарықтандыру жүйесі 30 тамызда іске қосылып, Алматының жаңартылған сәулеттік жарықтандыру элементтерінің біріне айналды.