Жол ережесінен 7 миллион айыппұл арқалаған жүргізуші ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

19 жастағы жүргізуші 195 рет жол ережесін бұзған.

Polisia.kz

Алматыда 19 жастағы жүргізуші 195 рет жол ережесін бұзған. Оны полицейлер қаланың Медеу ауданындағы Достық даңғылы бойында ұстады, деп хабарлайды Qaz365.kz порталы Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Аманбектің сөзінше, жүргізуші жалған нөмірді пайдаланып, көліктің жылдамдығын 200 шақырымға дейін үдеткен. Қазір ол әкімшілік қамаққа алынып, оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. 

«Аз уақыт ішінде жас көлік жүргізушісі 195 рет жол ережесін бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 7 миллион теңге. Кей жағдайда жүргізуші жалған нөмірді пайдаланып, көліктің жылдамдығын 200 шақырымға дейін үдеткен. Көліктің өзі көрші Қырғызстанда тіркелген. Сот қаулысымен көлік жүргізушісі әкімшілік қамаққа алынды, оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізуші барлық айыппұлын толығымен төлеуге міндетті болады», - деді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.