Болған жағдайға қарамастан, Respublica партиясы берілмейді, күресті жалғастырады
Бүгін ОСК Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тауды Мәжіліс сайлауына қатысудан шеттетті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі. Бұл туралы партияның инстаграм парақшасында жазды.
“Бәлкім, формальдық дүние өте маңызды шығар, бірақ ол өте лайық кандидат болды.
Сырымбек нөлден бастап жеке кәсібін ашып, 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып, мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам салық төлеген.
Бірақ Сырымбек елге көмекті тек экономикалық үлеспен ғана көрсетіп жүрген жоқ. Қиын-қыстау кезеңде де халқына қолдау көрсетті. Пандемия кезінде оның компаниясы Алматыдағы 9800 отбасына азық-түлікпен жәрдемдесті, «Біз біргеміз» және «Шұғыла» қайырымдылық қорына қаражат бөлді. «Тау шаңырақ» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі. Талғар қаласындағы балаларды оңалту орталығының құрылысына қомақты қаржы бөлді. Су тасқынынан зардап шеккен Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының 100 тұрғынына көмек көрсетті.
Сырымбек Тау – нағыз азаматтың жарқын үлгісі”, – делінген хабарламада.
Партия төрағасы А.Қожаназаров болған жағдайға қарамастан, Respublica партиясы берілмейтінін, күресті жалғастыратынын атап өтті.