Түсімде Димашпен бірге әлемдік концерттерді араладым – марқұм Құрманай Бақтиярқызы

Qaz365.kz редакциясы

Ол 16-17 күн комада жатқан

Фото: instagram.com/kurmanai_bakhtiarkyzy

Өмірден озған ақын, асаба Құрманай Бақтиярқызының сұхбатында айтқан сөзінен үзінді келтіріп отырмыз. Ол сұхбатын осыдан бес ай бұрын берген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Сенесің бе, Жәмилә, халықтан рақмет алып, халыққа тек жақсылық жасап, жақсы сөзіңді айтып, жыласа жұбатып, қуанса қуантып жүргеннен кейін бе, маған бұл сынақты көтеру қатты ауыр болған жоқ. Арқа сүйерлерім бар болғаннан кейін қатты ауырып жатқан кезде де тіпті мен «Алла тағала мені ала салшы, қиналып кеттім» деген дұғамда жаттамаппын деп ойладым. Көзіме бірінші әкем, содан балаларым елестейді. Әкем мен жоқ болсам көтере алмайды. Ата-ана үшін, перзент үшін шыдау керек», - деген Құрманай Бақтиярқызы.

Ол халықтың мұншалықты шулап, мұншалықты жылап жүргенін білмедім дейді. Өзіне барлығы – жамағатпен дұға еткенінен хабарсыз болған. 

«Мен тіпті сенсеңіздер, 16-17 күн комада жатқанда өң мен түстің ортасында Димаш Құдайбергенмен бірге әлемдік концерттерді араладым. Сонда есітігенім, құлағымда қалғаны «Италия, Испания, Валенсия, Бельгия, Белорусия, Берлин, Америка» деген үлкен елдердегі теледидарларда үшінші көзбен қарап, Димашпен жүрмін. Соны кейін Димаштың анасы Света уайымдап жатыр екен. Мен оған Димашпен бірге әлемдік концерттерді араладым деп айтып едім. Ол «Ура, Құрманай, сен әлі Димаштың концертінде жүресің, тойында билейсің. 100 жасайсың. Бұны сен бірінші рет айтып тұрған жоқсың» деді. Өң мен түстің ортасында мені Димаш алып шықты деп тағы бір үлкен кісі келіп рақмет айтып кеткен екен анасына», - дейді ол.

Еске сала кетейік, ауыр дертпен арпалысқан Құрманай Бақтиярқызы дүниеден өткені бүгін белгілі болды. Бұл туралы ақынның парақшасында баласы жазды.