Қазақстанда соңғы күндері басқа мемлекеттердің сұрауымен 145 адам қамауға алынған

Nur-Altay Umirzak

Сонымен қатар, соңғы екі күн ішінде полиция іздеуде жүрген 280 қылмыскерді ұстады

Сурет: gov.kz

Республикадан тыс жерлерде 33 қылмыскер құрықталып, ал басқа мемлекеттердің сұрауымен 145 адам қамауға алынды, деп хабарлайды  Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

  • “Арменияның Ноемберян ауданының аумағында 36 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Ол қыркүйек айының соңында Петропавлда қала тұрғынына пышақ жарақатын салып, өміріне қастандық жасаған.
  • Павлодар облысы полициясының жедел-іздестіру тобы Ресей Федерациясының Орел қаласында 42 жастағы қазақстандықты ұстады. Қаскөй 2017 жылы өңірлік ЖШС-нің біріне дизель отынын жеткізуге уәде беріп, 50 млн теңгені иемденген.
  • Алматы полициясы Ташкент облысының МІІБ-мен іздеуде жүрген 28 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады. Әйел 2015 жылдың мамыр айында өзінің кәмелетке толмаған қызын өлтірген.
  • Қазақстан ІІМ Интерполының сұрауы бойынша Германияның Нюрнберг қаласында еліміздің 42 жастағы азаматы ұсталды. Ол наурыз айының соңында астық жеткізуге уәде беріп, Павлодарда шетелдіктің 244 мың АҚШ долларын жымқырған.
  • Абай облысының ПД қызметкерлері іздеуде жүрген семейлік тұрғындарды қаланың өзінде құрықтады. Олар 2021 жылы ҰҚТ көмегімен металл зауытынан құрамында алтыны бар материалды ұрлап әкеткен”, –  делінген ҚР ІІМ хабарламасында.

Ішкі істер министрлігі жоғалған адамдардың орналасқан жерін анықтау және іздеуде жүрген адамдарды ұстау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп, соңғы екі күн ішінде полиция іздеуде жүрген 280 қылмыскерді ұстады. Оның ішінде:

  •  кісі өлтіргені үшін – 9;
  •  денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 4;
  • қарақшылық шабуылдар үшін – 5;
  • тонау үшін – 7;
  • есірткі қылмысы үшін – 19. 

Сонымен қатар жүргізілген жұмыс барысында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 53 адамның орналасқан жерін анықтады.