Үшеуі де ақсап тұр – депутат бюджетке табыс неге түспей жатқанын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Бюджет салықтан құралады

parlam.kz

Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин мемлекеттік бюджетке қаражат жеткілікті деңгейде неге түспей жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Салық кодексінде қатайту деген мәселе жоқ. Әкімшілендіруден бөлек, жаңа салық көздерін табу мәселесі қаралып жатыр. Содан кейін кейбір көп қаржысы бар компанияларға деген салық мөлшері басқаша болады. Соған байланысты көптеген өзгеріс бар. Жұмыс барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар болатын шығар», - дейді Еділ Жаңбыршин Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, бюджет салықтан құралады. Мемлекетке қаражат шикізатты экспортқа шығарсақ, өндіріс экспортын шығарсақ, екіншіден шетелдің жеңілдетілген қаржысын алсақ, үшіншіден өзіміз тауар шығарып, ішкі айналымда шығарсақ табыс келеді. 

«Қазір сырттан келетін қаражат өте аз. Көбінесе шикізат арқылы тауып отырмыз. Ішкі тауар айналымында қаржы өте аз түседі. Негізгі басты мақсат – өзіміз тауар шығарып, сол тауарды ішке нарыққа сатсақ, мемлекетке қаржы көбейтеміз. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Үшеуі де ақсап тұр. Шикізат әлемдік нарықтағы бағаға байланысты», - дейді ол.

Бүгін Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдады.