Үкімет жаңа жылдың алдында шенеуніктерді сыйақыдан айыратын болды

Qaz365.kz редакциясы

Қаражат бюджетке қайтарылады

Фото: primeminister.kz

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев мәжіліс кулуарында шенеуніктердің бюджетте артылған қаржыны сыйақы ретінде өздеріне ала алмайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осы сәтті пайдалана отырып мына нәрсені айтқым келеді. Қаржы министрлігі есепшот арасында сыйақы ретінде қаржы аударуға тыйым салды. Сәйкесінше, шенеуніктер үнемделген қаржыны сыйақы ретінде ала алмайды. Қаражат бюджетке қайтарылады, – деді Қаржы министрі.

Мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы төлеуге арнайы қаражат жоспарланбайды. Органның қажеттіліктерінен үнемделген қаржы сыйақы ретінде бөлініп келген. Яғни бұл мәселе басшылардың құзыретінде болған.

Құзырлы органның айтуынша, сыйақы берілетін кезде, қызметшінің жұмыс нәтижесі, міндеттерін тыңғылықты орындауы, ерекше, қиын тапсырмаларды бұлжытпай орындау және өзге де жетістігі ескеріледі екен.

БАҚ өкілдері Мәди Такиевтен шенеуніктердің сыйақы мөлшері туралы да сұраған. Алайда министр бұл сауалға жауап бермеді.