Бейсембаев үшауысымды мектептер қашан түбегейлі жойылатынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Үшауысымды мектептер тек 5 өңірде ғана бар

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үшауысымды және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі қалай шешілетіні туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Үшауысымды мектептер тек 5 өңірде ғана бар. Оның үшеуі мегаполистерде, қалғаны сол мегаполистің айналысындағы елдімекендерде. Яғни, Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Түркістан, одан кейін Астана, Ақмола облысының елдімекендері. Жалпы үшауысымды мектептердің саны бүгінгі күні 106 болса, соның 60%-ы осы соғылып жатқан 218 мектептің есебінен шешілгелі отыр».

Министрдің айтуынша, үшауысымды мектептер 2025 жылы түбегейлі жойылады. Ол жұмыстар жайлы мектеп жобасы аясынан бөлек, өзге де қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады. Үшауысымды мектептерден бөлек, оқушысы тапшы мектептердің мәселесін шешу бағытында да тиісті шаралар қабылдануда.

Үш жылдың ішінде үшауысымды және апаттық жағдайдағы мектептердің инфрақұрылымдық жағдайын түзеу жоспарланып отыр.

«Қыркүйек айында Президент Жолдауында да осындай тапсырма берілді. Мектептердің құрылысынан бөлек, 300 мектепті реновациядан өткізу жоспарланған», – деп атап өтті Бейсембаев.