Hugo Boss шағымынан кейін тексеріс жүргізілген
Алматыда «HUGO BOSS» сауда белгісін заңсыз пайдаланып, контрафактілік тауарларды сатып келген саудагерді әшкереледі. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствоның баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, Алматы базарларының бірінде «HUGO BOSS» сауда белгісін пайдаланып, ерлер киімін көтерме бағада сатумен айналысқан кәсіпкерге 1,5 млн теңге айыппұл салынған.
«Осы жылдың 28 тамызында Алматы қалалық Әділет департаментінің қызметкерлері «HUGO BOSS» сауда белгісін заңсыз пайдаланып, контрафактілік тауарларды сатып келген саудагерді әшкереледі. «HUGO BOSS» компаниясы өкілінің өтініші бойынша, Алматыдағы сауда базарларының бірінде ерлер киімін көтерме бағада сатумен айналысқан жеке кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында «HUGO BOSS» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі расталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асатын 1600 контрафактілік тауар тәркіленді» - деді Талғат Уәли.
Сондай-ақ кәсіпкер жалған өнімді нарықтағы түпнұсқаның бағасынан 300 пайызға төмендетіп контрафактілік тауарларды Қазақстан бойынша саудалағаны белгілі болды.
Бүгінгі күні кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (бөтеннің тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, контрафактілік өнімдер жойылды.