Қостанайда бапкер 5,9 млн теңгені ұрлаған

Qaz365.kz редакциясы

Жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысында шорт-трек бойынша жаттықтырушы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жалған аванстық есептер арқылы 5,9 млн теңгені ұрлағаны анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура ақпарат таратты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Тергеу барысында 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ балалар мен жасөспірімдер командалары арасында шорт-трек бойынша жаттықтырушы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алымдар мен жарыстарға іс жүзінде бармаған адамдарды заңсыз көрсету жолымен шығындардың нақты сомасын ұлғайта отырып, жалған аванстық есептер құрастырғаны анықталды. Жаттықтырушы түскен ақшаны өзіне игерді. Ұрланған бюджет қаражатының сомасы 5,9 млн теңгені құрады», – делінген хабарламада.

Прокуратура мәліметіне сәйкес жаттықтырушы ұрланған ақша қаражатын депозиттік шотқа аудару арқылы ол жерден ай сайынғы сыйақыны 9,6% пайыздық мөлшерлемемен алған. Депозит бойынша пайыздық сыйақы түріндегі жария етілген қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңгені құрап отыр.

«Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігінің  1-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде ұрлау) 218-бабының 1-бөлігі (ақшаны заңдастыру (жылыстату), яғни конверсия түрінде мәмілелер жасау арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңды айналымға тарту) бойынша сараланады. Санкция баппен алты жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді» - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданған.