Кегендегі «Қара каньонда» Қытайдағыдай шыныдан жасалған ерекше көпір салынады

Nur-Altay Umirzak

Көпірдің ұзындығы 170 метр,  биіктігі 80 метр болып 500 адамды бір уақытта көтере алады

Сурет: Qaz365.kz

Алматы облысы Кеген ауданына қарасты тұмса табиғаты бар Қара каньон туристік аймағынан аспалы көпір салынғалы жатыр. Бүгін инвесторлар мен аудан әкімдігі журналистерге баспасөз турын ұйымдастырып, нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аспалы көпір не үшін салынады

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлының айтуынша, «Қара каньон» ел арасында «Көртоғай шатқалы» деп аталады. Кәсіпкер Сырым Көлбаев «Қара шатқалы» ЖШС компаниясын құрып, осы жерді туристік аймаққа айналдырмақ. Олар 5 гектар жер телімі бойынша жұмысты бастаған. Алдағы 2-3 жылдың ішінде бұл жерді туристік орталық болады. Сондай-ақ көрші жер телімінде «ASK Capital» ЖШС Қара каньон туристік аймағынан аспалы көпір салу жоспарланып отыр. 

«Жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды», - дейді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы.

Қанша инвестиция салынады

Кәсіпкер Сырым Көлбаев алдағы 3 жылдың ішінде «Қара каньонға» 500 миллион теңге инвестиция салуға уәде береді. Оның сөзінше, үш жылдың 30 үй салынады. Эко туризм қатты дамып жатыр. Палаткадан қалашық тұрғызылады. Үш коттедж, үш мейрамхана болады. Алматы облысы әкімдігі бюджетінен "Қара каоньонға" жарық тарту үшін 53 млн теңге бөлінген. Жарық тарту жұмыстары аяқталып қалған.

«Қазақы дәстүрімізді көрсетеміз. Экстремалды туризмді жақсы көретін жандарға аспалы көпір салынады. Ал 3,5 гектар жерге балық аулау өндірісі ашылады. Сол өндірістің арқасында қонақтарымызға балықты сатамыз. Сосын қонақтарға барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз. Міндетті түрде каньонға көтерілетін саты болады», - дейді кәсіпкер.

Аспалы көпір шыныдан салынбақшы. 2020 жылы Қытайда шыныдан жасалған ең ұзын көпір ашылған болатын. «ASK Capital» ЖШС өкілдері де дәл қытайдағыдай шыны көпір болатынын айтты. Көпірдің ұзындығы 170 метр болмақ. Биіктігі 80 метр. 500 адамды бір уақытта көтере алады.  

«Қосымша 1000-ды қабылдай алу мүмкіндігі қарастырылған. Көпірдің ені 1,8, биіктігі 1,5 метр болмақ. Біздің мақсатымыз көпірден адам өтеді, әрі қарай сауықтыру саябағына баратын болады. Тамақтану орындары салынады. Атпен серуендеу, квадроцикл трассасы тұрғызылады. Көпірді 2025 жылдың соңында аяқтаймыз. Қазіргі кезде жұмысымызды мемлекеттік сараптамаға өткіздік.  Заң бойынша 100 метрден астам көпірлер мемлекеттен сараптамадан өтуі тиіс», - дейді «ASK Capital» ЖШС өкілі.

Қытайдағы әйгілі көпір

Қазақстанда салынғалы отырған аспалы көпір әйгілі Чжанцзяцзе шыны көпіріндей болмақ. Ол көпір Қытайдың Чжанцзяцзы қаласында Улингюань ауданының үстінде орналасқан жаяу жүргіншілер көпірі. Көпір мөлдір және шыны жол жабыннан тұрады. Әлеуметтік желіде оның танымал екені бүкіл әлемге аян. Бұл әлемдегі ең ұзын және ең биік шыны көпір. Көпір көпшілікке 2016 жылдың 20 тамызында ашылған. Ұзындығы 430 метр және ені 6 метр, жерден 260 метр биіктікте ілулі. Көпір Қытайдың Орталық Хунань провинциясындағы Чжанцзяцзе ұлттық орман саябағындағы екі тау жартастарының арасындағы каньонда орналасқан. Ол бір уақытта 800-ге дейін жаяу жүргіншіге баруға арналған. Көпірді Израиль сәулетшісі Хайм Дотан жобалаған.