Жастардың өнеріне жиналған жұртшылық дән риза
Ұлыстың ұлы күні таяған тұста әдеттегідей Шымкент халқы әз Наурыз мерекесін өзгеден ерте бастап кетеді. Жылдағы дәстүрден шырайлы елдің жұртшылығы биыл да айныған жоқ. Шымкент қаласындағы дарынды ер балаларға арналған №1 «Білім-инновация» лицей-интернатында «Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz3265.kz.
Қариялар жиналып батасын берген, аналар наурыз көже пісіріп, қымыз құйған, жастар өнерін көрсеткен ұлық мереке мектеп деңгейінде үлкен дәрежеде өткізілді.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауға арналған «Қош келдің, Әз - Наурыз!» атты іс-шараны мектеп әкімшілігі өздері ұйымдастырған. Концерт барысында «Драма» үйірмесінің «Ырыс пен берекенің бастауы- Наурыз!» қойылымын қойды. Жастардың өнеріне жиналған жұртшылық дән риза.
«Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар және лицей қонақтары!
Бүгін бізде ұлы той! Көптеген күткен Наурыз тойымыз басталды! Жиналған әлеумет Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған, Самарқанның көк тасы еріген қасиетті күнде еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын! Осынау ұлық мерекенің біздің мектепте жоғары дәрежеде тойланып жатқанына қуаныштымын», - деді алғашқы құттықтау сөзін лицей директоры Асылхан Пернебайұлы.
Жалпы биыл дарынды ер балаларға арналған №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының ашылғанына 30 жыл толып отыр. 30 жылдың ішінде білім ордасынан мыңдаған шәкірт түлеп ұшып, өмірде өз орнын тапқан. Әр салада елге қызмет етіп жүр.
Дүбірлі тойда сыныптар арасында жарыстар ұйымдастырылды. Балалар асық атып жарысты. Думан кезінде қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша жөн-жоралғылар, құда табақ тарту, беташар, енші беру, ерулік, баланың тұсауын кесу рәсімдері өткізілді.
Мерекеге келген әкелер қол тіресіп, арқан тартысып, білек күшін сынаса, аналар кесте тігуден өзара мықтыны анықтады.
Мереке соңында жөн-жоралғыларды үздік дәрежеде көрсетіп, сайыста көзге түскендер әртүрлі сыйлықпен марапатталды.
Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінде наурыз «жаңа күн» деген сөзді білдіреді.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді.
Ал UNESCO 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтеді.