Екі елдің халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас
Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
2022 жылғы 12-13 қазан күндері Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапарын жүзеге асырды.
Түркия Республикасының Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға сапары барысында өткен Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы елдер арасындағы ықпалдастықты нығайтуға жасалған маңызды қадам болды.
Президенттер (бұдан әрі-Тараптар) бұл сапардың екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, мемлекеттер арасындағы саяси диалогты түрлі деңгейдегі өзара сапарлар мен кездесулер арқылы жалғастырудың қажеттігін атап өтті.
Өзара достық пен түсіністік жағдайында өткен кездесулер барысында Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін қарастырып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Тараптар 2022 жылғы 2 наурызда Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығы аталып өткенін назарға ала отырып, төмендегілерді мәлімдейді:
30 жылда ортақ тарих, тіл мен мәдениетке негізделген достық пен бауырластық байланыстарға, тығыз саяси диалог пен көп қырлы ынтымақтастықтың даму қарқынына қанағаттанушылықтарын білдірді.
Екі ел арасыдағы жан-жақты ықпалдастықты нығайтып, дамытуда 1994 жылғы 17 қазандағы Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісім мен 2009 жылғы 22 қазандағы Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімдер маңызды рөл атқарытынын растады.
Осы ретте, Түркия мен Қазақстан арасында мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық салаларын реттейтін ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті.
2021 жылы Түркия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестері арасында 5-ші орынды иеленді. Тараптар, екіжақты сауда көлемінің тұрақты түрде артуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, алдағы жылдарда сауда көлемін теңгерімді түрде 10 млрд. долл. жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдау қажеттігін атап көрсетті.
2022 жылғы 4 наурыз күні Астана қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Түркия-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысының өткізілгенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, отырыс соңында қол қойылған Іс-әрекет жоспарының маңыздылығына тоқталып өтті.
Тараптар Транскаспий Шығыс-Батыс Орта дәліз арқылы жүк тасымалының ұлғаюын құптай отырып, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Транскаспий бағытын және Баку-Тбилиси-Карс жаңа желісін тиімді пайдалану үшін тиісті мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі болып табылатын өзара достық пен бауырластыққа негізделген мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың да қарқынды дамып келе жатқанына қанағаттанушылық білдірді.
Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және осы мақсатта бірлескен өндірісті қоса алғанда, әртүрлі ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру және жүзеге асыруға келісті.
Терроризм мен экстремизмнің барлық түрлеріне қарсы табанды күресуге, екі елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін барлық құрылымдарға қарсы күресті күшейтуге, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы диалог тетіктері арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті.
Білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Түркияның «Маариф» қорының Қазақстандағы қызметін бастауына қажетті қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Қоршаған орта және орман шаруашылығы салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Екіжақты әрі түркі әлемі аясында БАҚ және ақпарат саласындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді тереңдетуге келісіп, осы орайда, Түркі елдерінің ақпарат агенттіктері одағының құрылуын құптады.
Жаһандық және өңірлік тұрақтылық, бейбітшілік пен өркендеу мақсатына сәйкес бірлесіп әрекет ету, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) және басқа халықаралық ұйымдарда және көпжақты платформаларда үйлестіруді қамтамасыз ету, барлық мүмкін болған жағдайларда тараптардың халықаралық ұйымдарда ұсынылған шешімдері мен бастамаларын және кандидатураларын өзара қолдауға келісті.
Тараптар өзара маңызды жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдарының ұқсастығын растады. БҰҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ИЫҰ, ТМҰ мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Екі ел арасындағы Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясының құрылғаннан бергі жетістіктеріне қанағаттанушылық білдіре отырып, олардың түркі әлеміндегі бірлескен және үйлестірілген іс-қимылдарды қамтамасыз етудегі және Түркі әлемінің құндылықтары мен мүдделерін өңірлік және халықаралық аренада одан әрі арттыруға бейілділігін атап өтті.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін толыққанды ұйымға айналдыру жөніндегі Қазақстан төрағалығының бастамасын біртіндеп жүргізуге, сондай-ақ оның әлеуетін бірлесіп дамытуға ниетті екендерін білдірді.
Жастар мен мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне қолдау көрсету мақсатында екі ел арасындағы ынтымақтастықты адам ресурстары саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы нығайтуға келісті.
Қазақстан мен Түркия арасындағы кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тиімді түрде дамыта беруге және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатындай ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниеттерін қуаттады.
Тараптар 2022 жылғы 10-11 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Түркияға және Түркия Республикасының Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарлары мен қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары бағалап, оларды жүзеге асыруға барынша күш-қуат салуға дайындығын растады.
Осы Бірлескен мәлімдеме 2022 жылғы 12 қазанда Астана қаласында қазақ және түрік тілдерінде қабылданды.