АҚШ билігіне Трамп келді. Әлемде геосаясат қалай өзгереді? Қазақстанға әсері қандай болады – саясаттанушының пікірі

Qaz365.kz редакциясы

Жанат Момынқұловтың сарапшылық пікірі сөзбе-сөз ұсынылады

Фото: REUTERS

АҚШ-та басым дауыспен Дональд Трамп Америка тарихындағы 47-ші президент болып сайланды. Сайлау нәтижесі шықпай тұрып, Qaz365.kz тілшісі белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұловпен әңгімелескен еді. Сарапшы АҚШ билігіне Трамптың немесе Харристің келуі геосаясатқа қалай әсер ететінін, Америкаға қоғамына қалай ықпал ететінін кеңірек айтып берді. Жанат Момынқұловтың сарапшылық пікірі сөзбе-сөз ұсынылады.

Трамптың жеңісі авторитарлық тенденцияларды күшейтуі мүмкін

Осы жолы АҚШ-тағы сайлау өте тартысты, ең маңызды, ең шулы сайлаулардың бірі болады. Алдын ала болжау қиын болса да, менің өзім Харриске дауыс берер едім. Өйткені Харрис бұрынғы жүйенің, Американың бюрократиясының, тұрақтылықтың белгісі. Осы кезге дейін демократтар жаман жұмыс жасаған жоқ. Экономиканы көтерді, бірақ саясатта, геосаясатта үлкен қадамға барды. Біріншіден, Ресейді тежеу үшін соғыстарға барды. Қытайға қарсы қатаң саясатты жалғастырды. Трамптың бір ерекшелігі – Ресейге тиіспей, онымен келісіп, соның есесіне Қытайға және басқа да Таяу Шығыстағы Иранға қарсы әрекеттерін күшейтеді. Байденнің ерекшелігі – үш күшке де бір уақытта қысым көрсетуі. 

Геосаяси жағынан алып қараған кезде

Трамптың жеңуі – авторитарлық тенденциялардың күшеюіне алып келуі мүмкін. Алайда Харрис соншалықты харизмалы тұлға болмаса да, оның артында тұрған – терең мемлекет, үлкен бюрократия, аппарат Америкадағы үлкен бір түбегейлі өзгерістердің болуына қарсы. Өйткені Америкадағы үлкен сілкіністер, тектоникалық өзгерістердің болуы демократтарға қажет емес. Ал Трамп астаң-кестеңін шығарып, барлығын өзгертіп, өзінің ойына сай шешімдерді қабылдап, мемлекеттік аппараттың шешім қабылдау тетіктерінен аттап кетуі мүмкін. Сондықтан, осындай Трамп келсе авторитарлы тенденциялардың күшеюімен бірге, демократия әлемі де әлсірейтін болады. Американың лидерлігі төмендейді. Трамптың айтып отырған изоляцианизмі, яғни оқшау даму – аяғында Американың да әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Геосаясаттың бәрін бір тұлғаға тіреп қою дұрыс емес

Харрис мықты тұлға болмаса да, оның артында тұрған аппарат Трампқа қарсы дауыс беріп жатыр. Қаншалықты ақпараттық шу шығарғанымен, әртүрлі подкасттар, әртүрлі селебрити, танымал тұлғалар Трампқа дауыс беріп, үлкен шу шығарып жатыр. «Трамп жеңеді» деп алдын ала сүйіншілегендер де көп. Бірақ шын мәнінде, Харрис Пенсильвания сияқты штатта тең түссе де, басқа штаттарда тең келе жатыр. Екеуінің мүмкіндігі тең. Мен Харриске дауыс берер едім. Себебі Америкада халық көп, терең мемлекет, демократия. Ақ үйдің маңайындағылардың бәрі де елдің экономикалық тұрақтылығын, геосаяси тұрақтылығын сақтап қалады деп ойлаймын. Трамп «соғыстарды тоқтатады, мәселенің бәрін шешіп тастайды» деген көзқарас аңқау көзқарас. Геосаясаттың бәрін бір тұлғаға тіреп қою дұрыс логикалық ойлам емес. Сондықтан, Харристің келгені біздің аймақ үшін де тиімді, өйткені оның қалауы – тұрақтылықтың белгісі. Саяси жағынан Американың социологиясының қандай екенін біз бұл жолы білеміз. Егер Трамп жеңсе, біз онда қателестік. Америка социумының ішінде үлкен өзгерістер болады деген сөз. Ал егер Харрис келсе, қазіргі статус-кво, көшбасшылығы сақталады. АҚШ бірден-бір гегемон болудан қалып жатыр, бірақ сонда да өзінің байланыстары, жүйелі Америка өзінің ісін әлемде жалғастыра береді. 

Украинада соғыс тоқтай ма

Украинада соғыс – ұзатылған қақтығысқа ойысуы мүмкін. Демократтар көмекті жалғастыруы ықтимал. Ақырындап Ресейді әлсіретіп, уақыт созу саясаты. Американың Палестинадағы соғысы да уақыт созу болды. Төрт соғыс болды. Араб-Израиль соғыстарында уақытқа созып, ақырында арабтар жеңілгенін мойындап, соғысқысы келмей қалды. Сол сияқты Ресеймен бірнеше он жылдықтарға созылған соғысқа Америка тарапы дайындауы мүмкін. Украина әлсіреп, Еуропаға интеграцияланады.
Ал Трамптың Украина мәселесін бір күнде шешемін дегені далбаса әңгіме. Өйткені ондай болуы мүмкін емес. Оның өзінде мұздатылған конфликт болуы мүмкін. Қазір мұдатып қойса, Ресейде жаулап алған жері Кремльде қалуы мүмкін. Сонымен қатар, Украина әзірге НАТО-ға кірмейтіндей келісуі ықтимал. Ол болмаған жағдайда олар тез шеше алмайды.

Трамп Иранға түрпідей тиеді

Трамп келсе Иранға түрпідей тиеді. Иранмен шиеленіседі қарым-қатынастар. Израильді ашық қолдайды. Сауд Арабия мен Израильдің арасында келісім болуы мүмкін. Сол жағын Трамп ұтымды пайдаланады. Байденнің кезінде Газада дағдарыс болды. Бірақ соның есесіне Харрис-Байден Израильді ашық қолдаған жоқ. Іс жүзінде қолдағанымен, ашық қатты қолдаған емес. Сондықтан, Харристің Палестинаға қатысты көзқарасы жұмсарып, Америка бірте-бірте араб елдерімен келісімге отырып, Израиль мен Сауд Арабияны келістіріп, Иранды тежейтін, сол аймақтан шығаруға тырысатын үлкен жоспарды бастауы мүмкін. 

Тайвань мәселесі

Тайвань туралы айтар болсақ, Қытайға кім келсе де өте қиын болады. Өйткені Қытайға қарсы салықты көбейтіп жатыр. Қытайды шектеу, тежеу шаралары жалғаса береді. Ал Трамп келген жағдайда Ресейді өзіне тартып, қалған фокусын Қытайға және Иранға қарай жұмсайды. Харрис келген жағдайда ол Украинаны тоқтатпайды. Уақыт созады. Таяу Шығыста оны шешуі мүмкін. Тайваньда қатаң саясатын жалғастыра береді.

Орталық Азиямен қарым-қатынас

С5+1 деген Трамптың бастаған саясаты жалғасады. Трамп көбінесе, қауіпсіздік пен экономикаға мән берсе, Харрис әлеуметтік, адам құқығы, экология, жануарларға мән береді. Харрис Орталық Азияда жаңа бір саясатты бастауы мүмкін. Ал егер Трамп келген жағдайда бұрынғы келісімін нығайтуы мүмкін. Екі жағдайда да Орталық Азияның маңызы бұрынғыдан терең болады. Назар көп болады. Бірақ Американың сыртқы саясатындағы басымдық біз емеспіз. Оны да ұғу керек. Орталық Азия Трамп келген жағдайда Ресеймен болған қарым-қатынастарында келіссөздеріндегі нәтижесі негізінде өзгерістер болуы мүмкін. Оның бізге міндетті түрде әсері болады. 
Харристің жеңгені дәл қазір жұмсақ, статус-квоны сақтап қалуға көмектесер еді. Бірақ Трамптың келуі жағдайды күрт өзгертуі әбден мүмкін. Балансты бұзуы мүмкін. Трамптың өзінше әрекеті, Путинмен келісе салуы ықтималдығы бар. АҚШ үшін де, Қазақстан үшін де бұл қақтығыстың ұзақ уақыт жалғасуының пайдасы болғанымен, қаупі де бар. Сондықтан, ОА үшін АҚШ-тағы сайлаудың маңызы мұнай бағасы жағынан, басқа да геосаяси қатерлер жағынан да әсерлері болуы мүмкін.


Америка әлемде қандай лидер болады?

Қысқаша айтқанда, Харристің келуі тұрақтылықты білдіреді. Ал Трамптың келуі тұрақсыздықты білдіреді. Америкадағы рационализм жеңсе, ол – Харрис! Ал эмоцияға салынып, халық басым болса онда Трамп жеңеді. Трампқа білімі жоқтар, мұсылмандардың кейбір бөлігі, еврейлердің кейбір бөлігі, қаралар мен ақ протестанттар дауыс береді. Ал Харриске әйелдер дауыс береді. Қысқаша айтқанда, авторитарлық тенденция күшейе ме, әлде демократиялық қала ма – соны анықтаймыз. Трамп үлкен корпорацияларды қорғаса, Харрис халыққа салықты азайтып, ірі компанияларға, байларға салықты көбейтеді. Трамп НАТО-ны әлсіретеді. 
Байлардың санына қарағанда Харриске қолдау көп. Харристің мүмкіндігі көп десек те, бәрін сайлау көрсетеді. Сондықтан, меніңше, бұл өте тартысты сайлау болып тұр. Кім жеңсе де, Американың жаңа бір өмірін бастайды. Америка әлемде қандай лидер болады? Кімдермен шекіседі? Кімдермен уақытша достыққа барады? Осы мәселелер де шешіледі.