Бүгін Астанада Сирия мәселесі бойынша 22-ші халықаралық кездесу өтеді

Nur-Altay Umirzak

Жиынға бақылаушылар: БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак делегаттары 

Сурет: 1lurer.am

2024 жылғы 11-12 қарашада Астана қаласында Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша 22-ші халықаралық кездесу өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Оған Сирия үкіметі мен Сирия оппозициясының өкілдері, сондай-ақ кепіл елдер ретінде Ресей, Түркия және Иранның делегаттары қатысады.

Бірінші күні делегациялардың екіжақты және үшжақты консультациялары өткізіледі, келесі күні кездесулер жалғасып, олардың қорытындысы бойынша пленарлық отырыстың өтуі және баспасөз конференциясы берілуі жоспарлануда.

Кездесудің күн тәртібіне келесі мәселелер енгізілді:

  • Сирия айналасындағы өңірлік ахуалдың дамуы;
  • САР-да жан-жақты реттеу бойынша күш-жігер;
  • Сириядағы «жергілікті» жағдай;
  • Сенім шаралары, оның ішінде тұтқындарды босату және жоғалғандарды іздеу;
  • Сириядағы гуманитарлық жағдай және қақтығыстан кейінгі қалпына келтіруге жәрдемдесу және сириялық босқындардың отанына оралуына жағдай жасау мақсатында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру.

Жиында БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак делегаттары бақылаушы болады.