«Екі күннің бірінде өрт». Премьер-министр ашуланды

Qaz365.kz редакциясы

Еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады

Үкіметтің баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жер үйлердегі өрттің азаймай тұрғанына қынжылысын білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген.Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды, - деді Үкімет басшысы.

Ол жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алатынын айтты. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс деп айтты. 

Үкімет басшысы министрлікке тек ұсыныс берумен шектелуге болмайтынын айтты.

Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет. Осыған байланысты мына мәселелерге назар аударамын. Бірінші. Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет. Бұған әкімдіктердің газ-техникалық инспекциясын тарту керек. Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына улы газ датчиктерін тегін орнату қажет. Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған, - деді Олжас Бектенов.