«Деколонизация» дегеніміз не?
Жуырда АҚШ-та президент сайлауы өтіп, Дональд Трамп жеңіске жетті. Оның билікке қайта келуі қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға қалай әсер етеді? Осы жайында Qaz365.kz тілшісі шығыстанушы, философия ғылымының кандидаты Жанат Момынқұловпен сұқбаттасты.
- Соңғы кезде геосаяси оқиғалардың ықпалымен «деколонизация» туралы көбірек айтылып жүр. Бұл отарсыздану толқынының, дискурстың туындауына геосаясат қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?
- Айналамызда орын алған кризистер мен конфликтілер ұлттық болмысымыздың дамуына нақты әсер етті деп айта аламын. Әлбетте, геосаясат тарихи дүниетанымға ықпал етеді. Өйткені, соңғы төрт жылда шетелдік және елдік басылымдар, интеллектуал-ғылыми орталар пост-кеңестік, Орталық Азия елдерінің отарсыздануы туралы жиірек айта бастады.
Жақында Назарбаев университетінде Кәсіпкерліктегі ұлттық болмыстың көрінісі және деколонизация туралы халықаралық семинарға қатыстым. Мәселен, біздің жаңа ұлттық брендіміз Born Qazaq, Qazaq Republic – деколонизацияның жарқын үлгісі. Қырғызстан, Өзбекстан, Гүржістан, Әзербайжан, Беларусь ғалымдары отарсыздану үрдісі күшейіп, өнер мен кәсіпкерлікке әсер етіп жатқанын растады.
Соңғы кезде деколонизацияның тез жүріп жатқанынан болар, қазан айында ресейлік МГИМО институты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да деколонизация туралы конференция өткізді. Бұл жайт ел назарын аударды. Сол жиында ресейлік мамандар отарсыздану тақырыбы қатты талқыланып кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, тарихты түсіндірудегі қайшылықтарды жұмсарту және әртүрлі (қайшы) көзқарастарды ортақ нүктеге келтіріп үйлестіру қажеттігін мәлімдеген. Демек, бұл олардың уайымы мен ойлана бастауының көрінісі шығар.
Oсы бағытта қараша айында екі ел тарихшылары кездесіп, ортақ жұмыс комиссия құрылуы мүмкін. Бұл да қоғамда сенімсіздік пен академиялық ортада көптеген сұрақтар тудырып жатыр. Сонда олар бірлесіп «колония» (отарлау) деген терминді Қазақстан тарихынан алып тастайын деп жатқан жоқ па? Советтер билікке келгенде өзіне дейінгі патшалық кезеңді отарлаушы империя деп сынаған жоқ па? Мысалы, патшалық кезеңде «Вопросы колонизации: периодический сборник» (Санкт-Петербург, 1907-1917), «Россия – колониальная политика – 19-20 вв.» басылымдары болған. Қазірге кезге дейін оқулықтардағы «отарлау саясаты» деген тұрақты тіркесті жою мүмкін емес. Сонда «өз еркімізбен қосылсақ», онда неге орыс ғалымдары «завоевание, покорение, присоединение, освоение, колонизация Средней Азии», «экспансия, владения, походы» сөздерін қолданған?
Бір қызығы, ресейлік мамандар геосаясаттың – Украина соғысының отарсыздану туралы тарихи идеялардың жандануына әсер еткенін мойындап отыр. Көрші мемлекеттің қайраткерлері өзге елдердің аумақтық тұтастығына күмән келтіріп, мемлекеттілігіне тиісуі достықтың белгісі емес.
Астанаға жөні дұрыс, обьективті ресейлік тарихшылар келсе, ғылыми арнада ашық пікір алмасуға болатын шығар. Алайда, тарихи жадымыз үшін талас болып жатқанда тарихшыларымыз ғылыми ұстанымын өз тілінде анық жеткізулері қажет. Ресейде де тарихқа әділ баға беретін кәсіби ғалымдар бар ғой. Соларға түсіндіріп айтуымыз қажет. Қайткенде де, тарихты бұрмалауға жол беруге болмайды.
Өйткені аймағымызда деколонизация тақырыбы ғылыми пікірталастар шегінен шығып, қоғам белсенділері талқылайтын қажеттілікке айналып бара жатыр.
- Сонда олар КСРО-ның колониалды сипатын мойындағылар келмей ме?
- КСРО дәуірінің тоталитарлы жүйе, өзіне дейінгі империяның қызыл шекпен киген жалғасы болғанында еш дау жоқ. Формасы мен идеологиясы басқа болды. Отарлаушы империя мен отарлауға ұшыраған ел тарихи тәжірибені екі түрлі түсінеді, басқаша түсіндіреді. Ұлт ретінде ең кемінде жартылай отар болғанымыз тарихи ақиқат. КСРО – Британ колониализмі сияқты классикалық империя болмағанымен, «ішкі колонизация» арқылы аралас (гибрид) коммунистік империя болды. Яғни, жергілікті республикалармен біртұтас саяси жүйеге интеграцияланған орыс-совет «модернизациялық жобасы» болды. Сол жүйеде бір топтар басқаларға қарағанда көбірек ресурстарға ие болды. Бұл теңсіздік күшті топтарға әлсіздерді отарлауға мүмкіндік берді. Ал отарлаудың бұл түрі кәдімгі колониализмге тән құбылыс. Бұл радикалды модернизация индустрия, идеология, білім және әлеуметтік инжиниринг арқылы аяусыз, сәтті жүзеге асты. Біздер – отарлау тарихының өніміміз.
Әрине кеңістік дәуірде тарих ортақ болды. «Сталиннің ұлттар саясаты» бізді жасанды ұлттық қалыпқа салып шектеу арқылы ұлттық сипатымызды қатты өзгертіп жіберді. Қазақтар отарлық кезеңде өз мәдениетін, тілі, дінін, санасын жоғалтқан немесе жоғалтып ала жаздаған ірі ұлттардың бірі – бірегейіміз. Мәдени геноцид көрген қауым ретінде жазылмаған жарақаттарымыз әлі көп.
Отарлаушы жүйе теңсіздіктің, зорлық-зомбылықтың және нәсілшілдіктің иерархиясы мен структурасын қалыптастырды. «Біліммен отарлау» концепциясы авторы Уолтер Миньоло «отарлаудағы білімнің ролі» шешуші деп санайды. Ал Анибал Кихано «биліктің отарлауы» және «білімнің колониалдығы» туралы идеясын ілгерілетті. Демек, отарсыздану білім (технология) мен билік (саясат) арқылы болады.
Ең бастысы біз өзіміздің әлемнің бір бөлшегі екенімізді ұмыттық, тарихи жауапкершілігімізді сезінбейтін болдық. Шетелдік көрсек орысша сөйлей бастаймыз. Соңғы бір жарым ғасырда Ресейдің көлеңкесінде әртүрлі геосаяси жобаларда бағыныңқы жағдайда дамып келдік. Жан-жағынан буындары үзілген халыққа айналып, тарихтың обьектісіне айналдық. Мысалы, Астана халқының 82%-ы этникалық қазақ болғанымен біздер әлі күнге шейін сөйлемес бұрын маңайымызға жалтақтап бір қарап аламыз. Өйткені ескі рефлекстер сақталғанымен ақырындап олар да әлсіреуде.
- Жағдай соншалықты нашар ма, Сізде пессимизм басым емес пе?
- Жоқ әрине, біз қандай қиын-қыстау кезеңнен өтсек те, оптимизм мен үмітті жоғалтпаған елміз. Тәуелсіздіктің 33 жылдық даму кезеңінде жаңа ұлттық болмысымыз (identity) қалыптасты. Осы аралықта ұлт ретінде сапалы саяси прогреске жету үшін көп уақыт жоғалтқанымызбен, демографиялық, социологиялық, интеллектуалды трансформация үшін уақыт ұттық. Назарбаевизм дәуіріндегі тәуелсіздік эйфориясын да, демократиялық романтизмді де бастан өткізіп, «гибрид реализмге» бет бұрдық. Қазір геосаясатта халықаралық субьектіге айналуға бар күшімізді салып жатырмыз.
Халқымыз жаңа заманғы ұлт құрылысынан (nation-building) өтіп жатыр. Біз модерн елге, қалалық қауымға айналдық. Ұлттық білім жүйесі құрылып, бәсекеге қабілетті жастар шоғыры қалыптасты. Алаш кезеңінен бері саналы, сауатты қоғам, интеллектуал орта қалыптасып жатыр. Мұндай білімді жастар соңғы рет қазақта қашан болып еді? Дәл қазіргідей тәуелсіз мамандар бізде қашан болып еді? Қашан қазақтар шетелде оқып, осылай 3 тілде бірдей сайраған еді? Негізі Ә.Бөкейханов қазір тіріліп келсе, кейбір озық ойлы азаматтарды, ұлттық мектептерді, университеттерді көрсе көзіне жас алып, қайта-қайта шүкір етер ме еді, кім білсін?
Соңғы бір жарым ғасырда үнемі одақтарда болуға еріксіз мәжбүрленіп келген ұлтымыз тарихтағы өз ролімізді айқындаудың алдындағы жаңа дәуірде тұрмыз. Әрбір 10 жыл сайын тіл мен мәдениет тұрғысынан үлкен трансформациядан өтіп, азаматтық қоғам – еркін саяси ұлт ретінде қайта түлеп жатырмыз. Қазақ тілі ақпараттың, білімнің және мемлекеттіліктің тілі болып дамып жатыр. Тіліміздің рөлінің бірте-бірте артуы – төменнен жоғары басталған деколонизацияның белгісі. Меніңше, бұл түбегейлі өзгерістердің межелі қозғаушы күші ретінде ішкі табиғи дүмпулерден бөлек сыртқы қысым мен геосаяси оқиғаларды атауға болады.
- Сіздің ойыңызша, геосаясат деколонизацияға қалай әсер етеді?
- Менің ойымша, орасан зор әсер етті. Қарабақ соғысы, Украина соғысы және сыртпен де байланысты Қаңтар дағдарысы деколонизация дискурсы мен ұлттың болмысына қатты әсер етті деп сеніммен айта аламын. 15-20 жылда болатын түбегейлі қоғамдық бетбұрыс 4-5 жылдың ішінде қарқын алып, ұлт өзгерді.
Тың бір ақпарат айтайын. Мемлекет қайраткері Қ. Сұлтановтың айтуынша, Британия мен Францияның отарлардан ажырау тәжірибесін ескеріп, Қазақстан да КСРО-дан бөлінерде «жұмсақ түрде бейбіт ажырасу» үшін 1991 жылдан бері ТМД сияқты өзге де одақтарға уақытша қосылған екен.
Менің тұжырымым бойынша 2020 жылдан бері жоғарыда аталған 3 геосаяси фактор ұлт болмысына (мен кіммін? деген сұраққа) терең ықпал етті.
Біріншіден, 2020-2021 жылғы Қарабақ соғысы түркі халықтарының санасында үлкен резонанс, толқыныс тудырып, Түркия мен Әзербайжан одағының әскери қуаты мен стратегиялық әлеуетін әлемге көрсетіп берді. Бұған дейін маргинал бағыт болған түркі идеясы қысқа уақытта мейнстрим, реалист бағыттардың біріне айналды. Қазір халыққа да, мемлекетке де түркі бірлігінің маңызын түсіндірудің қажеті қалмады.
Екіншіден, геосаяси қысыммен болған Қаңтар дағдарысы қазақтілді аймақтарда орын алуы кездейсоқ емес. Бұл арқамызға күтпеген жерден қадалған суық қанжар болды. Алматы дүрбелеңі азаматтық қауіпсіздік туралы көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп жіберді. Ұлттың бірлігі өзекті болып кетті. Бұдан былай орыстілді қазақтар мемлекеттік тілдің қажеттігі мен маңызы туралы сөз таластырмайтын болды. Тіл – ұлт болудың ең негізгі іргетасы екенін барлық азаматтарымыз түсінді.
Үшіншіден, Ресейдің Украинаға басып кіруі «кімнің кім екендігін» айқындай түсті. Бұл ұлттық сананың ұйқыдан оянуына түрткі болды. Бұл жай фобия емес, нақты факт екенін көрдік. Орталық Азияда агрессияға деген қоғамның көзқарасы күрт құбылып, қазір саясатты мүлдем басқаша қабылдаймыз. Соғыс қоғамның көңіл-күйіне, әлем назарын Орталық Азияға аударуға ықпал етті. Соғыс аймақ елдерін сыртқы саясатта батыл болуға, бірлесуге итермелеп, балама нарық, орта күш, сауда дәлізі ретіндегі маңызын арттырды.
Осы қақтығыстар «біз кімбіз»? «қандай ұлт болуымыз керек»? деген сұрақтарға қоғамның өзі жауап іздеуіне қозғау салды. Біз еркін азаматтық ұлт болғымыз келсе, кеңестен қалған қатаң құрылымдар мен ескірген иерархияларды ақырындап босатуымыз қажет. Өз тарихи жадымыз бен ұлттық болмысымызды өзіміз анықтап, өзіміз ғана жаңғырта аламыз.