2025 жылы азаматтардың қалған категориясын декларация тапсыру міндетінен босату туралы ұсыныс қолдау тапты
Үкімет отырысында қазақстандықтарды декларациядан босату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Келесі жылы қатардағы азаматтар табыс декларациясын тапсырмайды.
Мен Қаржы министрлігінің ұсынысын, яғни, 2025 жылы азаматтардың қалған категориясын декларация тапсыру міндетінен босату туралы ұсынысын қолдаймын, - деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.
Осылайша, жалпыға ортақ декларация кейбір санаттағы адамдар үшін ғана қалады.
Қаржы министрі Мәди Такиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енгенін хабарлады.
Қалған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғалар) 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, аталған санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды. Босату осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына әсер етеді. Декларациялауды келесі санаттағы тұлғалар үшін сақтау ұсынылады: ҚР тысқары жерлерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған. Азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетінін атап өткен жөн.