Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады
Ақордада екі елдің басшысы келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен келіссөз қорытындысына оң баға беріп, оның барысында екіжақты күн тәртібіне қатысты барлық өзекті мәселе талқыланғанын жеткізді.
– Өзара ынтымақтастық бойынша ортақ ұйғарымға келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырмалар берілді. Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Екі елдің қарым-қатынасы зор қарқынмен дамып келеді. Біздің міндетіміз – осы динамиканы бәсеңдетпей, елдеріміз арасындағы сауда-саттықтың табысты өркендеуіне, инвестициялық ынтымақтастықтың тереңдеуіне, сондай-ақ білім мен гуманитарлық салалардағы байланыстардың нығаюына қолайлы жағдай жасау, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланыстарының қазіргі жай-күйіне назар аударды. Президенттің айтуынша, өзара сауда-саттық үздіксіз дамуда, таяу уақытта екіжақты тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізуге мол мүмкіндік бар. Инвестиция саласында да оң үрдіс байқалады.
– Бүгінде жалпы инвестиция көлемі 18,3 миллиард доллар болатын 93 бірлескен жоба жүзеге асты. Соның нәтижесінде Қазақстанда 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта шамамен құны 29,5 миллиард доллар болатын және 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 49 жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Владимир Путин Мәскеу мен Астана арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша белсенді өрбіп келе жатқанын мәлімдеді
– Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз және сенімді одақтасымыз. Шағын құрамдағы келіссөз барысында екіжақты байланыстар аясында туындайтын проблемаларға назар аудардық. Ең бастысы, барлық сауалдың жауабын табуға ортақ ұмтылыс бар. Мен екі ел арасында шешілмейтін түйткіл жоқ екенін жақсы білемін. Ал мұндай ниеттестік үлкен жетістіктерге ұласады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізді. Біз бұған қуаныштымыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы артып келеді. Қазіргідей қиындықтарға қарамастан, ықпалдастығымыз кеңеюде әрі қос тарапқа да тиімді, – деді Ресей Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланған.