Ол қаланы 2018 жылдан бері басқарған болатын.
Күні кеше Өскемен қаласын басқарған әкім Жақсылық Омар қызметінен кеткен еді. Ол бүгін «Біздің Өскемен» порталының әлеуметтік желідегі парақшасына қысқаша сұхбат беріп, алдағы жоспарын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгіннен бастап қала әкімі емеспін. Иықтан бір жүк түсті. Өскемен қаласының тұрғынымын. Осында боламын. Ешқайда кетпеймін. Оның үстіне көпбалалы әке екенімді білесіздер. Балалардың шаруасы бар. Сол жұмыстармен айналасымыз. Қыстың ішінде мектеп ауыстырып, ешқайда көшіп кетпеймін ғой», – дейді Жақсылық Омар.
Ол қаланы 2018 жылдан бері басқарған болатын. Жақсылық Омар уақыт жетпей, үлгере алмай қалған жоспарларын да айтты.
«Бір жағынан осы жылдар ішінде көп жұмыстар істелді деген іште қанағаттану бар. Екінші жағынан әттеген-айды да жоққа шығармаймын. Мысалы, Өскемен қаласындағы Виноградов көшесін жалғайтын сол жағалауды сала алмадық. Сосын Өскемен қаласында оқушылар сарайы жоқ. Соны саламыз деген мақсатымыз болған еді. Үлгермедім. Үшіншісі, «Өскемен-арена» деген атпен көпфукционалды кешен салу жоспарымыз бар-тын. Жер телімі, жобасы бәрі дайын. Өскемендегі тағы бір проблема – қоқыс жинайтын полигон жоқ. Алдағы келетін басшылар осы жағын ескереді деп үміттенемін», – дейді экс-әкім.