«Ортақ тарих» дегенмен келіспеймін»: Ринат Зайытов Қазақстан-Ресей тарихшылар тобының жұмысы жайлы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ринат Зайытовтың сөзінше, Ресей ғалымдарының ішінде де неше түрлісі бар

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстан мен Ресейдің тарихшылар тобының жұмысы жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ғылыми еңбек міндетті түрде оқулықтарды жазғанда негізге алынатынын мәлімдеген еді. Депутат онымен келіспейтінін айтты.

«Онымен келіспеймін. «Енгізіледі» деп министрдің айтуы да мүмкін емес. Бағдарламаны бекіту бір ғана министрдің құзіреті емес. Ортақ тарих деп отырғаны мынандай: шынымен патша үкіметімен есептейтін болсақ, 300 жылдай ғой – тарих бар. Бірақ оны ортақ тарих деп айтуға болмайтын шығар. Өйткені ол кезеңнен әркімнің еншісі әртүрлі. Біз мәселен, қаншама нәрсені жоғалттық. Басқа мемлекет қаншама пайда тапты – жерден тарихқа дейін. Сондықтан, әркім өзінің мемлекетінің көзқарасымен қарайды», – деді ол.

Ринат Зайытовтың сөзінше, Ресей ғалымдарының ішінде де неше түрлісі бар. 

«Невзоров бар оның ішінде. Олар толықтай қазақ тарихын мойындап отырған адамдар. Сондықтан, Ресей ғалымдары деген сөзді контекстке алып отырсыз. Ресейде де неше түрлі ғалымдар бар. Ортақ тарих деген терминологияның өзімен келіспеймін. Ол болуы мүмкін емес. Әр мемлекеттің өзінің тарихы, тағдыры бар», – деді ол Мәжіліс залында.