Қазақ халқының ежелгі салттарының бірі - беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің facebook-парақшасында жазды.
Жаңа ғана Парагвай астанасы Асунсьонда ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында қазақтың ежелгі салттарының бірі Беташар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, – деді ол.
Беташар жас келінге жаңа ортасын, күйеуінің ағайын-туысын таныстыру мақсатында өтеді. Беташарды келін түсіруші үйдің иелері жасайды. Қазаққа тән бұл дәстүрдің "тазарту" деген мағынасы да бар. Бұл жөнінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібайұлының "Беташар және отбасылық ғұрыптардағы параллельдер" деп аталатын мақаласында кеңінен жазылған:
"Келін түсіруші жақ беташар жасау арқылы жас келінге келген ортасын таныстыра отырып, онымен бірге көзге көрінбес зұлым күш иелерінің ілесіп келмеуін де мақсат етеді. Келіннің қадамының құтты не құтсыз болуы оның түскен шаңыраққа тез сіңісіп кетуіне әсер етеді. "Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" деген мақалдың осындай жағдайларға байланысты айтылғаны хақ. Егер келін түсірген шаңырақ немесе әулет тойдан соң тағы бір қуанышқа кенеліп жатса, "аяғы құт болды" деп жақсылыққа жорып жатады. Сол секілді босаға аттағаннан кейін әулет ауыр қайғыға ұшыраса (отбасы мүшелері не жақын жақын туыстардың қайтыс болуы, ауруға ұшырауы, т.б.) "аяғы құтсыз келін" деген атқа таңылуы да мүмкін".