Депутат заң жобасындағы "Түркістанның өз елтаңбасы болады" деген сөзді түсінбейтінін айтты
Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы бүгін мәжілісте таныстырылып, ол депутат Ринат Зайытовтың қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
“Түркістанның өз елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде елтаңба біреу-ақ Қазақстанда! Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап берсеңіз, – деді құжатты талқылау барысында Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов сонымен бірге заң жобасындағы “ескерткіштерге озыңқы күтім” деген сөзін ұқпағанын айтты. “Тарихи, мәдени нысандардың киелігігін сақтау” деген сөзді де түсінбегенін жеткізді.
“Киелілікті сақтау деген заң жобасының ерекше маңыздылығын атап өту үшін жасалған нәрсе деп ойлаймын. Түркістан киелі жер ғой. Сіз онымен дауласпайтын шығарсыз. Сол мағынада негізгі қағидат ретінде ала отырып, неге қалаға ерекше мәртебе беріп жатырмыз? Басты себебі – рухани өмірдегі орны ерекше. Заң жобасындағы сіз айтқан сөздерді тиісті синонимдермен өзгертуге болады, – деді вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Ринат Зайытов екі шенеунік те сұрағын түсінбегенін сынады. Сонымен бірге заң жобасында “елтаңба” деп айқын жазылғанын шенеуніктердің есіне салды.