Ол пайда көру мақсатында билет бағасын көтере бермеуді сұрады
Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Эйр Астана басшысы Питер Фостерді өткір сынады. Депуттатың сөзіне күлген Фостер оның ашуын туғызды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат Еділ Жаңбыршин Эйр Астананы «аспанның құдайы болып алған» деп тұрып қатаң сынады. Оның сөзінше, билет бағасы уақыты жақындағанда арзандағанның орнына қымбаттап кетеді.
«Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз, мемлекеттің заңына бағыну керек. Мұсабаев екеуміз бір сағат кешіккенге айыппұл салатын норма енгіздік. Мен ұшқанда 2 тамыз күні Эйр Астана 12 сағатқа кешікті. Әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүрмін. Неге? Олар құйтырқы схема жасап қойған. Анаған кіріп, өтінім беріп, жауабын алып, ақша алу деген… Мен әдейі соңында жүрмін. Бәрібір мен алам соны», – дейді Жаңбыршин.
Депутат көлік министрі Марат Қарабаевқа тек Эйр Астана емес, бүкіл көлік бойынша қайтаратын ақша, өтемақыны алуды жеңілдету керектігін айтты.
«Адамдар ақшасын оңай ала алуы керек. Олар өте қиын қылып қойған. Кез келген адам кіріп, өтінішті жазу өте қиын. Тек компьютерді білетін, соңына дейін ерінбей жүретін адам ғана оны қайтара алады. Министрлік осыны қолға алыңыздар! Содан Эйр Астананың бүкіл мультимедиасы басқа тілде. Оны бірнеше рет айттық. Ол да үлкен мәселе», – деді депутат.
Жаңбыршин Эйр Астананың басшысына Қазақстанға келгеннен кейін әуелі Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғап, заңын сыйлауы керектігін есіне салды. Ол пайда көру мақсатында билет бағасын көтере бермеуді, ережелердің бәрін оңай қылуды сұрады.
Сондай-ақ депутат Фостерге қарата сөз айтып жатқанда компания басшысы езуін тартып күлді. Бұл жағдайға Жаңбыршин қатты ашулана тіл қатты.
«Сіз күлмеңіз. Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз. Ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізді күліп менсінбей. Бұл Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар», – деді ол.