«Халықты сыйлаңыз»: депутат Базарбек Air Astana басшысына ашуланды

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттың айтуынша, Эйр Астана іс жүзінде Ирландияның компаниясы

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Air Astana компаниясының әуе кемесі Қазақстанға тиесілі емес екенін және бұл үлкен тәуекелдерге әкеп соқтыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, Эйр Астана компаниясын іс жүзінде Қазақстанның емес, Ирландияның компаниясы деп санауға болады. Базарбек сол себепті әуе компаниясына Қазақстанның миллиардтаған қаражатын шашқандарды ойлануға шақырды.

«Конвенцияның 18 бабына сәйкес, екі рет тіркелуге тыйым салынған. Ол екі елдің азаматтығын алғандай. Сонымен бірге, халықаралық ережелерге сәйкес, белгілі бір елге тіркелу екінші тараптың келісімімен ғана іске асырылады. Менде сұрақ туындайды: біздің Үкімет әуе кемелерін Ирландияға берді ме? Жауап бар. 2018 жылы біздің Үкімет ратификациялап, іс жүзінде Эйр Астана Ирландиядағы бүкіл әуе паркін Қазақстанда тіркеді. Қазақстан оған келісті. Іс жүзінде Эйр Астана – қазір Қазақстанның емес, Ирландияның компаниясы. Сұрақ туындайды. Ендеше, ұлттық әуе компаниясын ұстап тұру үшін біз не себепті миллиардтап қаражат шашамыз? Бұл әуе компаниясы Қазақстанның емес, Ирландияныкі», - деді ол.
 
Депутаттың сөзінше, Ирландия халықаралық әуе лизинг индустриясының орталығы саналады. Ирландия лицензиялау мен сертификатты талап етпейді. Лизингті әуе компаниялар үшін ставка – 1,25 пайыз. Демек, Ирландияда тұрған пайдалы. Алайда ең басты тәуекел – егер Х сағаты соқса, бұл ұшақтардың бәрі де Ирландияда қалады. Мәселе сонда. 

«Біздің мүлік Ирландияда қалады. 2018 жылы осы конвенцияны ратификациялай отырып, біз бірдеңе болса, әуе кемелері Ирландияда қалады дегенге келістік. Фостер мырзаға, мен осыны түсіндірейін деп отырмын. Фостер мырза, ренжімеңіз. Бұл – таза ұлттық мүдде. Англияда сізге дәл осы сұрақ мүлде басқаша салмақта қойылар еді. Сіз лордтардың алдында басқаша жауап бересіз. Барлық материалдарды тапсырасыз. Ал қазіргі тұрған жеріңіз – Қазақстанның ұлттық Парламенті. Халықты сыйлаңыз. Халық Эйр Астананың жұмысынан зардап шегіп жатыр», – деді депутат.