Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймованы елден шығару шешімінің заңсыздығына дәлелдер жеткілікті – депутат

Qaz365.kz редакциясы

Қазыбек Иса осы ретте бірнеше мысал келтірді

Ашық дереккөзден

Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реимова «митингке үндегені үшін» деген айып тағылып, 15 тәулікке жабылған еді. Сонымен қатар Реимованы сот Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған. Осы ретте Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еліміздің бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы бойынша азаматша Бақыт Реимова Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 488-бабының 8-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Оған 15 тәулік әкімшілік қамауға алу және Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығару жазасы тағайындалған екен.Алайда, бұл шешімнің заңдылығы мен әділдігіне күмән келтіретін төмендегі фактілерді назарларыңызға ұсынамын, - дейді депутат.

Қазыбек Иса осы ретте бірнеше мысал келтірді:

1. Сот шешімінің негізсіздігі және дәлелдемелердің жеткіліксіздігі.
Сот қаулысы бойынша, Б. Реимова 2024 жылғы 10 желтоқсанда Азат ауылында бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Алайда Б. Реймова сот отырысында бұл жиналысқа қатыспағанын, тек туысының жаназасында болғанын, кездейсоқ жол жабылған кезде, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жақындарын сабырға шақырғанын мәлімдеген.

ӘҚБтК-нің 765-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз алынған дәлелдемелер заңды күші жоқ деп танылады. Бұл ретте, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада Б. Реимованың кінәсін нақты дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған.

2. Кінәні мойындауға мәжбүрлеу фактісі.
Сот барысында Б. Реимова құқық бұзушылықты мойындамағанымен, бірнеше рет қысым көрсету нәтижесінде «келісемін» деп жауап беруге мәжбүр болған. Бұл оның қорғануға конституциялық құқығының бұзылғанын көрсетеді.

3. Жазаның әділетсіздігі.
Б. Реимова жалғызбасты ана, 17 жастағы кәмелетке толмаған ұлының асыраушысы. Сонымен қатар, ол этникалық қазақ, «Қандас» мәртебесіне ие, тарихи Отаны Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан тұлға. Елден шығару жазасы оның өмір сүру құқығын бұзып қана қоймай, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатына қайшы келеді.
4. Баланың құқықтарының бұзылуы.
Егер Б. Реимова елден шығарылса, оның кәмелетке толмаған ұлы ата-ана қамқорлығынсыз қалады. Бұл Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің нормалары мен Бала құқықтары туралы Конвенцияның (8, 9, 10 және 18-баптары) талаптарын бұзады.
5. Халықаралық нормаларға қайшылық.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, халықаралық шарттар ұлттық заңдардан басымдыққа ие. Бұл ретте, сот шешімі халықаралық нормаларды өрескел бұзып, Б. Реимованың және оның отбасының негізгі құқықтарын шектейді.

Құрметті бас прокурор мырза! Осы айтылған жайттарды назарға ала отырып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы Б.Реимовамен байланысты қаулысына наразылық енгізіп, аталған әкімшілік істі қайта қарау бойынша тиісті шаралар қабылдауыңызды сұраймыз.Сіздің осы мәселені әділ шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтыныңызға сенемін, - деді Қазыбек Иса.