Владимир Путин Әзірбайжан президентінен кешірім сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады

Ресей Федерациясының президенті Ақтаудағы ұшақ апаты үшін Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевтен кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кремль ақпараты бойынша, Путин Ресейдің әуе кеңістігінде болған «қайғылы оқиғаға байланысты» кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтқаны жазылған.

Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин мен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев арасында телефон арқылы әңгіме өтті.

«Владимир Путин бұл қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына терең және шынайы көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығып кетуін тіледі.  Әңгіме барысында Әзербайжанның жолаушылар ұшағы кестеге сәйкес бірнеше рет Грозный қаласының әуежайына қонуға тырысқаны атап өтілді. Сол уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиндық соғыс дрондарымен шабуыл жасалып, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарды тойтарумен айналысқан», – делінген хабарламада.

Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық кодекстің 263-бабы (әуе көлігін пайдалану және қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Алғашқы тергеу амалдары қолға алынды, азаматтық және әскери мамандардан сұрақ- жауап алынуда. Қазіргі уақытта Әзірбайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүр, олар Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуде.  Ресей, Әзербайжан және Қазақстанның бейінді қызметтері Ақтау қаласы маңындағы апат орнында да тығыз өзара іс-қимыл жасауда», - делінген ресми хабарламада.