Қылмыстық жауапкершілікке 29 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке 30 адам тартылды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев бұған дейін желіде қоғамдық пікірді манипуляциялау мақсатында жазбалар тарағанын айтқан мәжілісмен Ермұрат Бапидің депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ермұрат Бапи Қазақстанның бұрынғы билігінің дәуірі өтсе де, ескі жүйені аңсайтындар әлеуметтік желіден жиі көрінетінін сынаған еді.
Жуықта әлеуметтік желілер арқылы Парламент Сенатының бұрынғы басшысы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағаны мәлім. Әлбетте тақырыпқа желеу болған персонаждың басқалардан адами «артықшылығы» болса, оған ешқандай дау жоқ. Бірақ бұл адам - Дариға ханым кеше ғана елдегі екінші басшысы ретінде жоғарғы саяси лауазым иесі болғанын ұмытпау керек. Сондықтан бұны бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек, - деген Бапи өз сауалында.
Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы ведомство қызметкерлері деструктивті ақпаратты орналастыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді және жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Былтыр жыл басынан интернет желісінде деструктивті ақпарат тарату бойынша заңсыз іс әрекеттер жасаған, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырған 330 желі пайдаланушылары анықталды. Қылмыстық жауапкершілікке 29 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке 30 адам тартылды, қалғанына қатысты профилактикалық шаралар ұйымдастырылды, – деді Ермек Сағымбаев.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі интернетте саяси арандатушылық сипаттағы ақпарат таратушылардың көбінің аты-жөні белгісіз болып қала беретінін және көбінесе шетелдік платформаларда тіркелетінін атап өтті.