Сенатор: Мәжіліс депутатының дауыс көтеріп, министрге қаттырақ айтуы – бұл көрсеткіш емес

Nur-Altay Umirzak

Қатты дауыс көтеріп жатқан адамдардың айтқандарын ешкім тыңдап та орындап та жатқан жоқ

Сурет: parlam.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның сыртқы қарызының көлемінің неліктен артып жатқандығын айтып сұхбат берді, деп хабарлайды Qaz365.kz. Ол бұл сұхбатын «Jibek Joly» телеарнасының «УӘДЕ» жобасына берген. 

Сенатор сұхбат барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттарының кәсібилігі жайлы пікір білдіріпті.

«Біз кейбір мәселелердің айналасында біздің профильный комитет Мәжілістегі комитетпен тығыз байланыстамыз. Көзқарасымыз бір жерден шығуы үшін, мына мәселеде бастамашылықты бірге жасайық деп айтамыз. Бастамашылықтың нәтижесінде Мәжілістегілер тәжірибесі көп, кәсіби көзқарасы өте жоғары деп айта алмаймын. Ол жерде бүгінгі күнде бір мәселе бар, Мәжіліс заңды қабылдайды, біз оны мақұлдаймыз. Соған байланысты кейбір мәселелерде ол кісілер тезірек қабылдау үшін, күтпей кейде бастамашылықты өздеріне алып кететін жағдайлар болады. Бірақ бастамашылықты жасамаған деген сөз, кәсіби шеберлік төмен деген сөз емес. Ол әлсіреді (Сенаттың) деген де сөз емес. Үшінші тағы бір мәселе, дауыс көтеріп, қаттырақ министрге айту дегенде ол көрсеткіш емес. Шын мәнінде. Сіз екеуміз білеміз, атын айтпай-ақ қояйық, қатты дауыс көтеріп жатқан адамдарды көріп жатырмыз. Бірақ олардың айтқандарын кім тыңдап, кім не орындапты?»

Сұлтанбек Мәкежановтың пікірінше, Мәжіліс депутаттарының эмоцияға берілуі – олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, ел мүддесіне шын жанашырлық білдіруінің көрінісі дейді. 

«Егер ол елге жаны ашымаса, жасалатын жұмысты екінші жағы тыңдамай отырса, себебі ол салаға келген азамат бүгінде жергілікті жерде жұмыс істеп, сол саланың маманы болмаса, соған байланысты Мәжілістің депутаты кішкене эмоцияға кетіп қалып жатса, оны кемшілік деп айтпаймын, ол жаны ашығандық”, – деді депутат.