«Енді көшеде түкіретіндерді қатаң жаза күтіп тұр». Балаева заң жобасын түсірдірді

Qaz365.kz редакциясы
ОКҚ

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Мемлекет басшысы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске маңызды түзетулерге қол қойды. Оның кейбірі екі айдан кейін күшіне енеді. Ең басты өзгерістердің бірі — әкімшілік жаза ретінде қоғамдық жұмыстарды енгізу. Соттың шешімімен және құқық бұзушының келісімімен тағайындалатын қоғамдық жұмыстар — оңалту мен әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тиімді құралы болмақ. Өкінішке қарай, қоғамда айналасындағыларға құрметсіздік таныту жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, қоғамдық орындарда түкіру, қоқысты орынсыз жерге тастау, тәртіп ережелерін елемеу және тағы басқаларды атап өтуге болады, — деп жазды Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Ол осы ретте өзге елдердің тәжірибесінде қатаң шаралар мұндай мәселелерді тиімді шеше алатынын көрсетіп отырғанын жеткізді.

 Мәселен, Сингапурда көшеде түкіру немесе қоқыс тастау сияқты әрекеттер үшін айыппұл немесе түзету жұмыстары қарастырылған, бұл қаланы әлемдегі ең таза орталықтардың біріне айналдырды. Лондонда да осындай әрекеттер үшін айтарлықтай айыппұлдар қарастырылған. Мұндай тәсіл қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға кешенді бақылау мен жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетеді. Азаматтардың мәдениеті — біздің халықаралық аренадағы беделіміз бен инвестиция тартудағы және туризмді дамытудағы маңызды фактор. Жаңа түзетулерді тиімді іске асыру жағдайды өзгертуге және азаматтардың өз әрекеттері үшін жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтардың белсенділігі арқылы ғана біз әр адам ортақ игілікке үлес қосуға дайын болатын қоғам құра аламыз, — дейді министр.