Инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік нысандардың құрылысына қаржы қажет
Сенатор Қонаев қаласының мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қонаев қаласына Алматы облысының орталығы мәртебесі берілгеннен кейін қалада инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік және әкімшілік нысандардың құрылысына қаржы қажеттігі сезіле бастаған. Алайда сенатор Сұлтан Дүйсембиновтың айтуынша, бұл жұмыстарды іске асыру мақсатына қаржы қаралмаған.
«Бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар «Арна» қосалқы электр станциясының құрылысы маңызды жоба болып табылады. Бұл жобаны іске асыру өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуы үшін қуатты серпін болатыны анық. Ол дегеніміз, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік және әлеуметтік объектілерді энергиямен қамтамасыз етуді күшейтуге, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті депутат.
Өңірдегі жұмыстар басталғанына қарамастан, 2023–2025 жылдарға арналған бюджетте бірнеше жобаны қаржыландыру назардан тыс қалған. Бұл қаланы дамытуға бағытталған шаралардың уақытылы орындалуын қиындатуда. Атап айтқанда, әкімшілік ғимараттар, энергетика және көлік коммуникациялары, сондай-ақ білім беру және мәдениет мекемелері сияқты стратегиялық нысандар туралы сөз болып отыр.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қонаев қаласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыру қажеттілігіне байланысты осы жобаларға арналған шығыстар 2023-2025 жылдарға жалпы трансферттер көлемінде ескерілмегенін ескере отырып, бюджетті нақтылау, түзету кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жолымен қалыптасқан жағдайдың оңды шешілуі және 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары тиісінше әрі уақытылы орындалуы қамтамасыз ету қажет», – деді сенатор.