«Штрафстан» құрып жатқанымыз рас па? Қазақстандықтарға салынған айыппұл көлемі 300 млрд теңгеден асты

Qaz365.kz редакциясы
pixabay.com

Қазақстанда 2024 жылы азаматтарға салынған жалпы әкімшілік айыппұл мөлшері алғаш рет 300 млрд теңгеден асып кетті, деп хабарлайды  Qaz365.kz.  

Бұл туралы қоғам белсендісі Дидар Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол сөзіне дәлел ретінде Qamqor.gov.kz порталындағы мәліметті келтірген. Соған сәйкес былтыр қазақстандықтарға жалпы сомасы 304 млрд теңге әкімшілік айыппұл салынған. Оның 190 млрд теңгесі төленген. 

2023 жылы жалпы салынған әкімшілік айыппұл мөлшері 185 млрд теңгені құраған. 2022 жылы 159 млрд теңге болған. Әкімшілік істердің ең көбі Алматы қаласында (4,4 млн), Астанада (1,7 млн), Шымкентте (1,07 млн) тіркелген. Ең азы Жетісу облысы мен (191 мың) және Солтүстік Қазақстан облысында.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Штрафстан» құрып жатырмыз деп ашуланған еді.

Орынсыз қомақты айыппұлдар шын мәнінде тұтынушыларды қорғамайды, керісінше Ұлттық банктің соқыр саясаты мен доллардың құбылмалы бағамына қоса инфляцияға ықпал етеді. Жазалау мен ауырлықтың өзара теңгерімі керек, бұл құқықтың басты принциптерінің бірі. (…) Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын. Бір рет болса да жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір «Штрафстанды» құрып жатырсыздар,- деген еді депутат.