115 миллиард доллар: Ресей Украинамен соғыста шығынға батты

Qaz365.kz редакциясы

Ресейдің осыдан бір жыл бұрын Украинаға шабуыл жасаған сақадай сай сайыпқырандары қазір жоқ

delfi.lt

Ресей Украинамен соғысқа шамамен $115 млрд жұмсады және шабуыл алдында дайындаған бүкіл танкінен айырылды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі forbes.ua сайтына сілтеме жасап.

Кремль әлемді қорқытқан қуатты орыс әскерін Украинадағы соғыс толығымен дерлік шайқалтты.

Украинаның Қарулы Күштері жойған ресейлік техниканың құнының өзі шамамен 25 миллиард доллар.

Соғыс басталғалы 12 айдың ішінде Украинада тек мың-мыңдап орыс сарбазы ғана емес, ондаған жылдар бойы дайындаған бес қаруы сай әскері түгел армиясымен жойылды.

Ресейдің осыдан бір жыл бұрын Украинаға шабуыл жасаған сақадай сай сайыпқырандары қазір жоқ. Олардың орнын, әскерге жаңадан шақырылған тәжірибесіз жас сарбаздар, темір тордан босаған сотталғандар, сақтау мерзімі өткен ескі техникалар басқан. Жеңілуді білмейтін «әлемнің екінші армиясы» туралы аңыз-әфсана осылайша жойылды.

Соғыс құны қанша?

Forbes бағалауы бойынша, Ресей соғысқа жылына $114,4 млрд (айына шамамен $10 млрд) жұмсаған. Бұл – Ресей бюджетінің 2021 жылғы бүкіл кірісінің  үштен бірі.

Бұл сома тек соғысқа жұмсалған шығындарды ғана қамтиды, бұл жерде Ресейдің санкциялар мен экономикалық оқшауланудан шеккен экономикалық және жанама шығындар есепке алынбаған.

Федералды бюджетке әскерді қамтамасыз етуге жұмсалған шығын (соғыстың бір жылында шамамен $36 млрд) өте қымбатқа түсті.

Әскерилердің жалақысы – $24,7 млрд. Ал Ресей Федерациясының Үкіметінің қаза тапқандар мен жаралыларға төлеуі тиіс өтемақы сомасы тіпті жалақы сомасынан да асып түсті –  $29,1 млрд.

Соғыста өлген әрбір ресейлік әскери қызметкердің отбасына (23.02.23 жағдай бойынша 145,850) 7,4 млн рубль (шамамен $110 000) өтемақы төленуі керек. Яғни, соғыстың бірінші жылында өлген ресейліктер үшін өтемақының жалпы сомасы 1 трлн рубльден асады.

Жараланған адам Ресей Федерациясынан 3 миллион рубль өтемақы алады. Бірақ өлгендерге қарағанда ауыр жарақат алғандардың саны екі есе көп, яғни бұл мақсатқа жұмсалатын қаржының да көлемі аз емес.

Ресейдің тағы жарты миллион ресейлікті соғысқа жұмылдыруға дайын екені туралы қауесеттерге сенбесек те, Ресей бюджеті бұған жете ме деген сұрақ туындайды.

 

Әскерилер шығыны

Соңғы апталарда Ресей мыңдаған сарбазынан айырылды. Осы жылдың 24 қаңтары мен 24 ақпаны аралығында Украина Қарулы Күштері Бас штабының мәліметтері бойынша, Украинада 23 680 ресейліктің көзі жойылған. Бұл соғыстың бірінші айындағыдан да көп және Ресейдің өткен жылдың жазындағы орташа шығынынан төрт есе көп.

Әскер санын дайындығы төмен, жаңадан шақырылған тәжірибесіз жас сарбаздар мен түрмеден шыққандардың есебінен толықтыру мен  майдан шебінде жан-жақтан шабуыл жасау туралы жоспарлары адам шығынының өсуіне алып келді.

 

Танктер

Ресей бүкіл Еуропаны қорқытатын қарулы күш құруға тырысып, қаржысын ұзақ уақыт бойы өзінің танк армиясына салып келді. Бір жылдан кейін бұл армия түгел Украинада мәңгі жер жастанып қалады.

Өткен жылдың күзінде Ресей соғыста Еуропаның ең ірі танк әскери құрамасы – Ресей Федерациясының Бірінші танк армиясынан айырылғаны белгілі болды.

Украинаның Қарулы Күштері соғыстың 12 айында жалпы саны 3350 танктің көзін құртты. Бұл басып кірген кездегі Ресейдің жойған танктерінен көп (The Military Balance мәліметтері бойынша 3330 танк).

Шығындардың көп болғаны соншалық, ресейліктер ұзақ мерзімді сақтау қоймаларын ашуға мәжбүр болды.

Ресейлік танктерді сақтау базаларына OSINT-барлау жүргізген Украин әскери орталығының мәліметі бойынша, тамыз айында оларда әлі ескі үлгідегі 2000-ға жуық ұрысқа шығуға қабілетті танктері болған. Алайда, «қоймалардағы он мыңдаған кеңестік танктердің тұрғаны» туралы ақпарат бос сөз болып шықты.

Қолайлы техника іздеп сарсылған Ресей тіпті ескі Т-62 танктерін қайтадан іске қосуға тура келді. Oryx мәліметтері бойынша, шамамен Т-62 танкінің кем дегенде 62-сінің жойылғаны расталған.

Егер біз ашық дереккөздерді сараптайтын болсақ, Ресей соғыстың бір жылында осындай 1000-1800 танкті іске қоса алады екен. Бұл көп болғанмен, былтыр Мәскеуде болған танктер санынан 2-3 есе аз. Оның үстіне, барлық үздік бөлімшелер майданға жіберіліп қойды.

Forbes жойылған және басып алынған ресейлік техниканың құнын шамамен 25 миллиард долларға бағалады.

 

Басқа техникалардың шығыны

Ресейлік бронетехника мен артиллерияның шығындары соншалықты көп емес. Жалпы, Ресей Федерациясы құрлықтағы әскери техникасының 40-70% жоғалтты. Бірақ соғыстың алғашқы алты айында украин әскеріне үлкен шығын әкелген артиллерияны құрту Украина Қарулы Күштері үшін маңызы зор болды.

Бір жылдың ішінде Украина Қарулы Күштері 1100 бірліктен тұратын 471 зеңбіректі және 3080 артиллериялық қондырғыдан 2352-сін жойып жіберді. Ресейліктер қордағы артиллериялық жүйенің бірнеше жүздеген бірлігін соғысуға шығарды, бірақ Украина Қарулы Күштерінің оларды жүйелі түрде жойып отыруы ұрыс даласындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік берді.

Авиация шығындары ресейліктердің жанына қатты батты. Украинадағы соғыста авиация басқа заманауи соғыстардағыдай маңызды рөл атқармаса да, әуе паркін қалпына келтіру – ең күрделі және қымбат процесс.

Жойылған ресейлік ұшақтардың жалпы құны - шамамен 6 6,5 млрд. Жойылған тікұшақтар да Ресейді $3 млрд шығынға батырды.

Жалпы алғанда, авиацияның шығыны бронетехниканың құнынан да асып түсті.

 

 Зымырандар

Украинаның Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, шапқыншылықтың басында Ресейде 2727 алыс қашықтықтағы қанатты және баллистикалық зымыран және 8500-ден астам шағын радиусты (200 км-ге дейін) зымыран болған.

Жалпы, Украинада жау 4000-нан астам зымыранды қолданды.

Алайда соңғы айларда атыс қарқыны айтарлықтай төмендеп, зымырандар саны да айына 250-300-ден 110-180 дейін азайды. Яғни, бұл ресурс та біртіндеп таусылып келеді деген сөз.

Соғыстың алғашқы тоғыз айында Ресей айына орта есеппен 80-ге жуық зымыран шығарды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі. Ресей өндірісінің технологиялық құлдырауына байланысты бұл көрсеткіш біртіндеп азаяды. ГУР басшысы Кирилл Буданов Ресейдің айына ең көп дегенде 40 зымыран шығаратынына сенімді.

Бұл қазіргі атыс қарқынын ұстап тұру үшін жеткіліксіз. Алайда ресейліктер әлі де қорында 1100-1300 алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды ұстап отыр.

Bellingcat жобасының деректеріне сүйене отырып, Ресей зымыранмен атқылауды Харьков қаласына көбірек пайдаланды. 100-200 км қашықтықта орналасқан қалалар соғыс аяқталғанға дейін зымыран шабуылынан зардап шегуі мүмкін. Бірақ ресейліктердің қысқа қашықтықтағы зымырандары әлі де көп.