Respublica партиясы екі жылда не бітірді

Nur-Altay Umirzak

Партия 2025 жылғы «Re:Forum» резолюциясы шешімдері нәтижесінде арнайы қарар қабылдады

Суретте: Сырымбек Тау мен Айдарбек Қожаназаров

Аcтанада 2025 жылдың 6 ақпанында Respublica партиясының екі жылдығына арналған форум өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Нәтижелер сөйлесін» атты форум партияның өткен кезеңін саралап, алдыға жоспар құратын маңызды кезең. ReForum-2025 партияның көшбасшыларын, белсенділерін, Өңірлік кеңестердің өкілдерін, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын және партияның жақтаушыларын біріктірді. Қазақстанның барлық аймағынан 250-ге жуық жақтастардың басын қосқан ауқымды шара болды. Бұл жиын Respublica партиясының дамуы үшін маңызды кезең әрі ел болашағына қажетті бастамаларды талқылау үшін пікірлес адамдардың басын қоса алды, деп айтуға болады.

Нәтижелер мен алдағы мүмкіндіктерді саралаған кезде партия көшбасшылары барынша ашылып, партияластар мен жақтастар алдында сенімді сөйледі. Бұл еркін форматқа құрылған, ешқандай пафоссыз әрі бюрократиядан алшақ, барынша креативті әрі күрделі мәселелерді жеңіл тілмен түсіндіретін диалог алаңы болды, деуге болады. Тең төрағалар кәсіпкерлік, салықтық жеңілдіктер және саяси-әлеуметтік, рухани әрі ұлттық құндылықтардың айналасындағы ел проблемаларын әрі Парламент фракциясы және өңірлердегі партия құрылымдарының жетістігі мен проблемалар талқыға салды.

Елде ресми тіркеуден өткен жеті саяси партияның ішінде заманауи көзқарастағы адамдарды бір арнаға тоғыстырған ең жас ұйым – Respublica партиясы. Саяси ортада болсын, жалпы қоғамда кез-келген жаңашылдыққа бастапқыда күмәнмен қарау заңдылық. Егер осы саяси ұйымды құрып, оның бастауында тұрған тұлғалардың бұрын саясатта тәжірибесі болмаса, бұл қалай болар екен, деген күдік басым болды. Оның үстіне көптөрағалық елдегі саяси плюрализммен қалай қабысады, деген сауал көпшіліктен бұрын партияға әртараптан біріккен тең төрағалардың өздерін де алаңдатқаны рас. Сегіз адамда сегіз түрлі көзқарас, сегіз түрлі амбиция, сегіз түрлі жол шырғалаңы күтіп тұрды. Сондықтан қоғамдағы әртүрлі саяси көзқарастардың, идеялардың, пікірлердің және мүдделердің еркін өмір сүруі бұл “сегіздікке” қалай әсер етеді, деп ойлайсыз? Бір ұстаныммен, бір ұранмен, бір идеяны бірге алып жүру қаншалықты мүмкін деген ой осы ұйым құрыларда көпшілікті мазалады.

Алайда ондай ой-пікірлерді асықпай саралап, ойланып-толғанатын кезең емес еді бұл. Бастысы саяси шешім қабылданып, биліктің оң көзқарасы мен шынайы қолдауы – қоғамдық бірлестікті құру, ұйымдастыру және техникалық сұрақтарын шешуді жеделдетуге серпін берді. Мұны партия құрушылар да өздері үшін бір жаймашуақ кезең деп түсінді және бастаманы көп ойланбастан жүзеге асыруға берілген мүмкіндік деп түсінді.

ЖАҢА САЯСИ КҮШТІҢ ТАРИХЫ ЖАЗЫЛА БАСТАДЫ

Respublica партиясы – Қазақстанның саяси сахнасына жаңадан қадам басқан ұйымдардың бірі ретінде тез мойындалды. Партияның құрылуы 2022 жылдың тамыз айында жарияланғаны белгілі. Бірақ ресми тіркеуден 2023 жылдың 18 қаңтарында өтті. Тіркелу үшін әкімшілік-бюрократиялық кедергілер де жеткілікті болды, дейді құрушылар. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанда тағы бір саяси күштің тарихы жазыла бастады.

Партияның негізін қалаушыларды біріктірген ортақ құндылық– іскер адамдар, кәсіп жасауды меңгерген, өз аяғына нық тұрған, қаржылық тәуелдікке байланбаған жас азаматтар болатын. Бұл да саясат сахынасына жаңадан қадам басқан қоғамдық бірлестік үшін өте маңызды факторлардың бірі еді. Кезекті саяси науқанның қарсаңында тұрған электорат үшін жаңа есімдердің саясат сахнасына аяқ басуы сенім мен үміт отын тұтандырды.

Су жаңа партияның қатарында белгілі қазақстандық кәсіпкерлер мен қоғамда өз орны бар тың күш келді. Тізімге Айдарбек Қожаназаров, тең төрағалар ретінде Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шүкіжанова, Қуаныш Шонбай, Бейбіт Әлібеков және Нұрлан Қоянбаев сияқты тұлғалардың есімдері енді.

Партияның идеологиялық тұғырнамасы дегенде Respublica  бизнесте табысты болған тәсілдерді саясат пен мемлекеттік басқаруда қолдануды мақсат ететінін мәлімдеді. Партияның ұраны «Жаңа адамдар – жаңа қадамдар» деген ұранмен тарай бастады. Партия тең төрағалары мен олардың айналысына топтасқан команда мемлекеттік аппаратта процестерді басқарудың халықаралық әдістері мен технологияларын, ғылыми көзқарасты және жұмысты нақты жүйелеп енгізуді көздеді. 

Сол 2023 жылдың 19 наурызында өткен Парламент Мәжілісі сайлауында Respublica партиясы 547 154 дауыс жинап, 8,59% көрсеткішпен үшінші орынға ие болды. Нәтижесінде, партия Мәжілісте 6 мандат алды. Ал өңірлерде алпысқа жуық мәслихат депутаттары сайланды. Партияның идеологиялық тұғырнамасы туралы ақпараттарды ашық дереккөздерінен табуға болады. Осы күні  Respublica партиясының ресми тіркелген мүшелер саны 115 мың адамнан асып отыр.

Саяси қоғамдық бірлестік өз қызметін ресми тіркелген саяси күш ретінде еліміздің 20 өңірінде жүргізіп келеді. Көптеген сандарды келтіріп, бас қатырудың қажеті жоқ. Өткен екі жылда партияның Мәжілістегі фракциясы  45 депутаттық сауал жолдап, заңнамаға 1400 өзгерту ұсынды. Олардың 700-і қазірдің өзінде Қазақстан заңнамасына енгізілді, бұл – біздің кәсіпкерлікті қолдау, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлес болып саналады.

ҚАНДАЙ БАСТАМАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Жалпы Respublica партиясы Қазақстанның саяси аренасында жаңа серпін әкелуді мақсат етіп, елдің дамуына өз үлесін қосуға ұмтылатын бірден бір саяси күш. Қоғамдық бірлестік 2025 жылы  әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды іске асыруды жоспарлап отыр. 

Партияның болашағы оның қоғамдағы өз ұстанымдарын нығайту және өңірлердегі филиалдарды дамыту бойынша белсенді жұмысына байланысты екенін түсінеді. Басынан елдегі кәсіпкерлікті, өндірісті, кіші және орта бизнесті, заңнамалық жүктемелерді реформалауға атсалысу сияқты міндеттемелерге араласуды көздейді. Ол үшін Қазақстанның барлық 20 аймағында негізінен бизнесмендерден тұратын Өңірлік кеңестер (Регсовет) құрылды. Олар арнайы хаттамамен бекітіліп, аймақтық жиындары өтті.

Партия лудоманияның таралуын шектеу, құмар ойындары жарнамасын шектеу, ұрпақ денсаулығына қауіпті вейптің елге кіргізілуі мен сатылымын тоқтату, теміржол жүк тасымалы жүйесіндегі ашықтықты күшейту, E-commerce жүйесін енгізу, барлық аймақтарда бөлшек салықтың мөлшерін түсіру, инклюзивті адамдар проблемасын көтеру сияқты қоғамда бүгін шешілуі тиіс проблемаларды көтерді. Көтеріп қоюмен шектелген жоқ, олардың шешімін табуына ықпал етті.

«RE:FORUM» РЕЗОЛЮЦИЯСЫ:

Бес сағатқа созылған ReForum-2025 аясында айтылған қорытынды есеп, талқыланған тақырыптар мен қабылданған шешімдер нәтижесінде арнайы қарар қабылданды. «Respublica» партиясының  «Re:Forum» резолюциясы кешенді шараларды іске асыру қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді:

Партияның алдын ала сайлау бағдарламасындағы басым бағыттарды жүзеге асыру

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шараларды іске асыру

Отандық тауар өндірушілерді дамытуға және олардың жан-жақты қолдауын қамтамасыз етуге арналған партияның рөлін күшейту

Отандық кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу арқылы партия қатарын беделді кәсіпкерлермен толықтыру

Партияның маслихаттардағы депутаттық корпусын барлық деңгейде жетілдіру

Дамуды қамтамасыз ететін жоғары білікті және отаншыл мамандарды даярлауға арналған партиялық кадрлық резервті қалыптастыру

Respublica партиясы өз қызметін 2025 жылы да белсенді түрде жалғастырады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Егер партия өз мақсаттары мен міндеттерін тиімді жүзеге асырып, халықтың сенімін арттыра алса, оның Қазақстанның саяси аренасындағы рөлі күшейетіні сөзсіз. Партия президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайды.