Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтқан болатын.
Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы 27 ақпанда партияның ресми сайтында жазылды.
Бүгін «Ауыл» партиясы фракциясының отырысы өтті. Жиын барысында партияның қазіргі қызметіне қатысты бірқатар мәселелер қаралып, соның ішінде Мәжіліс депутаты, фракция мүшесі Жигули Дайрабаевты партия төрағасының орынбасары қызметінен босату туралы ұсынысты партияның саяси кеңесі президиумына жолдау жөнінде шешім қабылданды, – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, сәрсенбі күні депутат Дайрабаев Солтүстік Қазақстанға барып, басқа мемлекетте жүргендей сезінгенін айтқан болатын.
Идеологияға жауапты азаматтарға сұрақ: бізде солтүстік өңірлерде елдімекендердің, көшелердің атауы қашан мемлекеттік тілімізге ауысады? Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Кірсем, басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа сіздер қарап отырсыздар? Көргенде жан ауырады, - деген болатын Дайрабаев.