8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 24 инвестициялық жоба жоспарланған
Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыс әкімінің баяндамасынан:
- жергілікті бюджеттің шығыс және кіріс бөлігіне жан-жақты талдау жүргізілген. Үнемделген қаражат өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады;
- 2028 жылға дейін жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын және 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 24 инвестициялық жобаның тізімі жасақталған;
- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 нысанның және оқушылар сарайының құрылысы қолға алынған;
- аспалы көпірді реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, Ертіс өзені арқылы өтетін тағы бір көпір салынып жатыр;
- Семей қаласында айналма жол салу мәселесі пысықталуда.
Мемлекет басшысы облыс әкіміне Үкіметпен бірге өңірді қарқынды дамыту жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін өркендету, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталған.