Иесі кім? Батыс Қазақстанда тағы да дрон құлады

Qaz365.kz редакциясы
Фото: «Уральская неделя»

Батыс Қазақстан облысы аумағына тағы бір белгісіз ұшу аппараты құлады. Бұл жолы оны Тасқала ауданының тұрғындары тауып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz «Уральская неделя» газетіне сілтеме жасап. 

Бұл – Батыс Қазақстан облысы аумағында пилотсыз ұшу аппаратының екінші рет құлауы.

18 наурыз күні сағат 17:35-те Тасқала ауданының Атамекен ауылы (Тасқала ауылынан 60 шақырым солтүстікте орналасқан) тұрғындарынан полиция бөліміне белгісіз нысан табылғаны туралы хабар түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл – құлаған пилотсыз ұшу аппараты. Нысанның ұзындығы – 300 см.

Аппарат құлаған орынға аудандық полиция, жергілікті әкімшілік және төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлері шықты. Ал Орал қаласынан Тасқала ауданына полиция саперлері бара жатыр.
Көршілес Ресейдің Саратов облысы аумағында украиналық пилотсыз ұшу аппараттары әскери аэродром мен жанар-жағармай қоймаларын жиі нысанаға алады.