Мұндай сұрақтың пайда болуы орынды да
Жуырда Қазақстанға Руанда мемлекетінің әскери делегациясы келіп кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әскери ынтымақтастық та көпвекторлы
Қазақстан сыртқы саясатының маңызды аспектлерінің бірі – әскери ынтымақтастық. Әскери саладағы ынтымақтастық кез келген елдің сыртқы саясатындағы басым бағыттарының қатарына кіргенімен, соңғы жылдардағы жаһандық саясаттағы тектоникалық өзгерістер бұл бағыттың өзектілігін одан әрмен арттыра түсті. Қазақстан да әскери саладағы ынмытақтастық пен әріптестік қатынастарға айырықша көңіл бөледі. Елдің қорғаныс қуатын арттыру мен әскери ынтымақтастық бейбітшілік дипломатиясының тылы һәм шынайы тірегі болса керек.
Жуырда Қазақстанға Руанда мемлекетінің әскери делегациясы келген-ді. Бір апта бұрын ғана. Кездесуде былтыр өзара келіскен мәселелер пысықталды. Былтыр күзде Қазақстан қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Руанда президентінің арнайы өкілі, генерал-майор Жан Поль Ньирубутамамен кездесуде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізген-ді. Сол келісім пысықталған жайы бар.
Әлбетте «алыстағы Африка елімен әскери салада ынтымақтастық орнатқанда ұтарымыз не?» дейтін сауал туындауы мүмкін. Мұндай сұрақтың пайда болуы орынды да. Дегенмен оның да белгілі бір жауабы бар. Ол дипломатия тілімен үндесіп жатыр. Руандамен әскери саладағы ынтымақтастық – Қазақстан дипломатиясындағы түрлі бағыттардың бірі ғана. Былтыр Меемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзілік климат саммиті аясында Руанда президенті Поль Кагамемен кездесу өткізген. Шығыс Африкада орналасқан осы елдің Қазақстанмен байланысы бұрыннан бар. Енді оған әскери саладағы ынтымақтастық қосылып жатыр. Бұл да қажет дүние.
Жалпы, әскери салада өзге мемлекеттермен ынтымақтастық орнату түрлі бағыттарды қамтиды. Бірінші кезекте мұндай ынтымақтастық нақты стартегиялық пайдасы бар, Қарулы Күштерді жетілдіру мен жабдықтауға әсер ететін болса, одан соң тәжірибе жинауға, бітімгерлік операцияларға, миссияларға қатысу арқылы халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтар алдында елдің имиджін көтеруге ықпал етеді. Үшіншіден, түрлі елдермен әскери ынтымақтастық орнату отандық қорғаныс өнеркәсібінің там-тұмдап болса да жасап жатқан өнімдеріне жаңа нарық ашуға септігін тигізеді. Төртіншіден, әскери саладағы ынтымақтастық деген уәжбен ұйымдастырылатын кездесулер, жиындар дипломатиялық сыйластықтың үлгісі саналады. Сол себепті Қазақстан серіктес болуға ниет танытқан мемлекеттердің ешқашан бетінен қаққан емес.
Бір апта бұрын Руанда әскерилерінің елімізге келуі де, наурыздың басында Қорғаныс министрінің Римге сапар жасап, Италия қорғаныс министрі Гвидо Крозеттомен кездесуі де, жылдың басында Қазақстан мен Түркияның 2025 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарын бекітуі де еліміздің сыртқы саясатымен үндесіп жатыр. Оның үстіне әскери саладағы ынтымақтастықтың маңызы күн санап артып келеді. Әрі адамзаттың жаппай қарулану үрдісі де байқала бастады. Айталық, Австралияның Экономика және бейбітшілік институты (IEP) дейтін зерттеу орталығы жыл сайын жаһандық бейбітшілік индексін жариялайды. Осы зерттеуге сүйенсек, әлемдегі 97 елде бейбітшілікті жақтау деңгейі төмендеген. Яғни барлығының дерлік қорғаныс бюджеті өсе бастаған. Ал 92 мемлекет өз шекарасынан тыс аймақтардағы қақтығыстарға тікелей немесе жанама түрде қатысып жатыр. 108 елде милитаризация белгілері күшейе түсіпті. Яғни әлем өзгеріп жатыр. Демек, мұндайда серіктестердің көптігі артық болмаса керек. Қазақстанның әскери ынтымақтастығында бұл бағыт та ескерілген деп топшылаймыз. Дегенмен әскери ынтымақтастықтың ерекшеліктерін бірнеше топқа жіктеуге болады.
Әскери ынтымақтастықтың тәжірибелік сипаты басым
Жалпы, Қазақстанның әскери саладағы ынтымақтастығына талдау жасағанда, 2020 жылдан бері біршама өзгеріс бар екенін байқауға болады.Рас, стратегиялық серіктестік тұрғысынан Ресеймен, Қытаймен, АҚШ және NATO-мен байланыс сақталып қалды. Одан бөлек, ҰҚШҰ, ШЫҰ сияқты ұйымдар аясындағы ынтымақтастық та өзгерген жоқ. Алайда әскери саладағы ынтымақтастықтың нақты тәжірибелік сипатына үңілер болсақ, Қазақстан мұнда да көпвекторлы бағыт ұстанады. Әрі Украинадағы соғысқа байланысты батыс елдерінің Ресейге салған санкциясының салқынына ұрынбаудың да жолын қарастыратыны байқалады. Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақытбек Сыдықовтың сөзіне қарағанда, шет мемлекеттермен әскери саладағы ынтымақтастықта жауынгерлік және бітімгерлік даярлық, арнайы операциялар күштерінің дайындығын шыңдау, радиоэлектронды күрес тәсілдерін, әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту сияқты нақты бағыттарға көбірек көңіл бөлінетін сыңайлы. Одан бөлек, киберқауіпсіздік бөлімшелерін даярлауда да шетелдіктермен ынтымақтастық сақталған. Әскери білімге де көп көңіл бөлінді.
Сонымен қатар бірқатар әскери құрылымдарды Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының өзара іс-қимылын жетілдіру мақсатында даярлау, ШЫҰ-ның жаттығуларына қатыстыру да назардан тыс қалған емес.
Дегенмен Қазақстан Қарулы күштері Орталық Азия елдері мен Әзірбайжан әскерлері қатысқан жаттығуларға ерекше назар аударғандай болып көрінеді. Бірнеше жаттығуға Ресей тарапы шақырылмады.
Былтыр министр Руслан Жақсылықов:
«Біз үшін Орталық Азия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынастарды сақтау өте маңызды», - деген еді.
Сөйтіп, Орталық Азия елдері бірнеше рет оңаша жаттығу өткізгені бар. Одан соң Түркиядағы жаттығуларға да қазақстандық сарбаздар қатысты.
Тек Өзбекстанның өзімен әскери саладағы ынтымақтастық соңғы 5 жылда айырықша жандана түскен. Екі елдің әскерлері 2021 жылдан бері «Қалқан», «Хамқорлик», «Hanjar» тәрізді бірлескен жаттығулар өткізді. Ал Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Әзірбайжан қатысқан жаттығуға «Бірлестік-2024» деген ат қойылыпты. Яғни әскери саладағы ынтымақтастықтың нақты тәжірибелік мәні артып, түрлі жаттығулардың нақты қорғаныс мақсатына бағытталуы күшейді. Әзірбайжанмен де солай. 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Әзірбайжан әскери ынтымақтастықтың 2025 жылға арналған жоспарын бекіткен еді.
Ынтымақтастық – заманауи жабдық кепілі
Былтыр Қазақстан Қарулы күштері 100-ден астам жаңа техника алған еді. Ол туралы жыл соңында министрлік өкілдері ресми мәлімдеген болатын. Соның ішінде «Бук-М2Э», «ТорМ2К», «Роса-РБ», «Платформа», «Нұр» қатарлы радиолокациялық стсансалар, 53 дана «Арлан», 45 дана «COBRA II» бронды көлігін алыпты. Италиядан Airbus А400 әскери-транспорттық ұшағын алдық. Енді осы өнімдерді қай мемлекет өндіргеніне келсек, «Бук-М2Э», «ТорМ2К» ресейлік өнім, «Роса-РБ» Беларусь елінде жасалады. «Платофрма» Ресейде құрастырылады. «Нұр» РЛС-і Қазақстанда жасалады. Бірақ төркіні француз. Өйткені бұл РЛС-ті қазақ-француз бірлескен кәсіпорны жасайды. Франция жағынан алпауыт Thales Group атсалысады. Отандық деп саналатын «Арлан» көлігі Оңтүстік Африка мемлекетінің Paramount Group компаниясының лизенциясы негізінде құрастырылады. «COBRA II» – түріктің Otokar компаниясының өнімі. Бұлардан бөлек, Израиль, Қытай, Украина, АҚШ қатарлы елдерден әскери жабдықтар алған кезіміз болды. Түркияның Anka S дронын әскерилер сынақ мақсатында қолданып жүр және осы дронды өндірген TUSAŞ компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде келісім жасалған. Соңғы кездері Bayraktar дрондарын өндіретін Baykar фирмасы да Қазақстан нарығына қызыға бастағаны жиі айтылады. Қытай дрондарын да Қазақстан жауынгерлері қолданып жүр. Әрі соңғы кездері кеңес кезінен қалған бронды көліктер мен танктерді және басқа техникаларды жөндеу үшін Қытай еліне жүгіну ықтималдығы жиі айтыла бастады. Өйткені КСРО кезінде жасалған көліктердің негізгі өндірушісі Ресей. Бұл елден әскери мақсаттағы өнім алу Батыс елдерінің санкциясына ұрындыруы мүмкін. Ал Қытай КСРО техникасының басым бөлігін лицензиямен өндірген. Мыңдаған көшірмесін жасаған. Қазақстан әскерилері осы себепті Қытаймен ынтымақтастықтың жаңа перспективалары бар екеніне сенеді.
Жалпы, әскери ынтымақтастық жан-жақты болған сайын, оның пайдалы тұсы да көбейе түспек. Өйткені әскери техника бір текті емес. Әр өндірушінің өзіндік қабілеті, ерекшелігі бар. Ал әскерлер үшін заманауи дрон да, көз үйренген БТР мен БМП де, танк те маңызды.