Шаһардағы «Достық үйі» түрлі ұлт өкілдерінің төл мәдениеті мен шығармашылығы тоғысқан шаңыраққа айналды
«AMANAT» саяси ұйымының БҚО-дағы сайлауалды штабы жетекшісі Мұрат Мұқаев және партиялық тізім бойынша ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидаттар Ербол Салықов, Снежанна Имашева Оралдағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шаһардағы «Достық үйі» түрлі ұлт өкілдерінің төл мәдениеті мен шығармашылығы тоғысқан шаңыраққа айналды. Бұл ғимаратта 150 орындық концерт залы, 80 орындық конференция залы, медиация кабинеттері, шығармашылық және жұмыс кабинеттері бар. Жайық өңірінде 80-нен астам ұлт өкілдері тұрып жатыр. Соның ішінде Ассамблея жанынан 17 этномәдени бірлестік құрылған. Олар қоғамдық-мәдени және қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысып келеді. Мәселен, алысқа бармай-ақ, 1 наурыз күні «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылып, 100-ден астам көпбалалы және әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасыларға азық-түлік таратылды. Осындай мазмұнды шараларға «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болып тұр.
Ұжыммен кездескен сайлауалды штаб жетекшісі мен кандидаттар партияның негізгі ұстанымы мен бағдарламасын түсіндірді.
– «AMANAT» партиясы ең алдымен халықтың табысын арттыруға басымдық беріп отыр. Өйткені әрбір отбасыда кіріс көлемі көп болса, олардың тұрмыс сапасы жақсарады, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар ауылдық жерлердің әл-ауқатын күшейту қажет. Ауылдарды дамыту үшін «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобалары жүзеге асырылады, – деді кандидат Ербол Салықов.
Дөңгелек үстелде ұжым өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Мекеме басшысы қызметкерлердің жалақысы төмен екенін, біраз жылдан бері көлемі артпай келе жатқанын жеткізді.
– Президент «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының жалақысын көбейтуді жүктеген еді. Алайда әлі өсе қоймады. Дәл қазір қызметкерлердің еңбекақысы тым төмен. Бұған дейін 50%-ға өсіру туралы бастама болған еді. Сол жобаны іске асыруды сұраймын, – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Камбетов.
– Жалақы 50%-ға артады. Ал одан кейінгі жылдары кезең-кезеңімен 100%-ға дейін өсіруге күш саламыз, – деп жауап берді кандидат Снежанна Имашева.
Жиында ұжым ауылдық жерлердің қазіргі ахуалы мен медициналық қызмет сапасына да қатысты уәжін айтты. Рафхат Халелов ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, еңбек адамдарын қолдау, медицина саласын ғылыми жағынан дамыту маңызды екенін тілге тиек етті.
– Партия бұл салаларға аса мән береді. Сайлауалды бесжылдық бағдарламада бұл мәселелерді шешуге екпін берілген. Ол бағдарлама халықтан түскен дәл осындай ұсыныс-тілектер негізінде жасақталды, – дейді штаб жетекшісі Мұрат Мұқаев.
Сайлауалды штаб мүшелері мекеме ұжымын саяси науқанда да белсенділік танытып, «AMANAT» партиясына дауыс беруге үндеді.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.