Президент Вьетнам бас хатшысы мен жұбайына арнайы шапан жапты

Nur-Altay Umirzak

Екі ел дипломаттары бүгін стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасады

Сурет: Бейнеден кадр/ Akorda.kz

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамнан келген жоғары мәртебелі қонақтарға шапан жапты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Вьетнам Коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Лам мен жұбайы Қазақстанға келген еді. Бүгін екі ел басшылары келіссөздер өткізді.

Президент Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді.

“Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаластық. Келесі айда екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толады. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.

“Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады”, – деді Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы.