Президент Ормон хан мен Кенесары арасындағы қақтығыс жайлы да жазған.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook парақшасында қырғыз бен қазақ халқын, әсіресе жастарды арандатуға бой алдырмауға, тарихты әділ зерттеуге, арандатушыларға қарсы тұруға және мәңгілік достықты нығайтуға үлес қосуға шақырған жазба жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл үндеу интернетте тараған, екі халықтың арасына жік салуды көздейтін бейнежазбаға байланысты жарияланған.
Қазақ пен қырғыз – ежелден бауырлас, рухани жақын халықтар. Біздің ата-бабаларымыз бұл туыстықты бір ғана жолмен білдірген: "Қазақ пен қырғыз – туысқан халықтар, – деп жазды Жапаров.
Ол Жұбан Молдағалиевтің:
«Мен – қазақпын, қырғыз – ал туысқаным,
Бірге тартқан тарланның құйысқанын...» - деген жыр жолдарын еске алып, бұл өлеңнің халықтар арасындағы рухани байланыс пен бауырластықты терең сипаттайтынын айтты.
Садыр Жапаров тарихтағы даулы кезеңдерді, оның ішінде хан Кенесарының Қырғыз жеріне жасаған жорығын қозғап, бұл тақырыптың үнемі араздық тудыру үшін пайдаланылатынын айтты. Ол бұл тарихи кезеңді жеке зерттегенін, әкесі – белгілі шежіреші Нұрғожо ажыдан көп мәлімет алғанын атап өтті.
Президент Ормон хан мен Кенесары арасындағы қақтығыс жайлы да жазған. Оның сөзінше, Ормон хан Кенесарыға қарсы соғыста айла мен әскери шеберлік танытып, жеңіске жеткен. Сонымен қатар, Кенесары ханның басы Ресейге қалай жеткізілгені туралы тарихи деректер келтіріп, осы тақырыпта арандатушылардың бар екенін айтты.
Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр - деп жазды ол.
Садыр Жапаров жастарды соларға ермеуге шақырды.
Қазіргі заманда бізге араздық емес, ынтымақ керек. Екі елдің жастары – болашақ иелері. Олар тарихты бұрмаламай, шынайы түрде зерттеп, мәңгілік достыққа өз үлесін қосуы тиіс, - деді ол.
Соңында президент үлкен аналарының бірі қазақ қызы болғанын айтып, қазақ халқымен туыстық байланысын мақтанышпен жеткізді.
Менің бабам Солтонқұлдың жары – қазақ қызы Нооча болған. Сондықтан мен өзімді қазақ халқының жиені санаймын, – деді.