Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңдік іріктеуден өтуге тиіс
Президенттік жастар кадр резерві – дарынды, бастамашыл, кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды жоба. Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға жалпы 60 мыңнан астам қазақстандық қызығушылық танытты, деп хабарлайды
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлімдеп отыр.
“Биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлерді іріктеуді қамтамасыз етеді. Іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет”, – делінген ақпаратта.
Талап
Үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады: іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуге тиіс
Құжаттарды қабылдау – 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.
- Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау – тестілеу прокторинг жүйесімен, аудио және бейнефиксациямен өтеді, әділдік пен ашықтық қамтамасыз етіледі. Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидаттар мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.
- Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі – кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді.
- Ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат – офлайн форматта, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында өтетін бұл кезеңде үміткерлер мінез-құлық индикаторлары және кәсіби құзыреттер бойынша топтық және жеке тапсырмалардан өтеді. Онлайн форматтағы жеке сұхбат кәсіби HR-менеджерлермен өткізіледі.
- Сарапшылық комиссиямен әңгімелесу – арнайы комиссиямен сұхбаттасу түрінде жүзеге асырылады.
Оның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады.
Ұлттық комиссияның отырысының қорытындысымен үздік 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.
Іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша ақпарат ресми сайтта жарияланады.