Украина ауқымды дрондар соққысын Ресейдің өз ішінен жасауы мүмкін – сарапшы

Qaz365.kz редакциясы

Операцияны Ресей ішінде ұйымдастыру ықтималдығы жоғары

Коллаж Qaz365.kz

Кеше Украинаның Ресей территориясындағы әскери әуежайларға жасаған дрон шабуылы халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Кейбір сарапшылар «пилоты бар жойғыш ұшақтардың дәуірі аяқталды» деп жарыса жазып жатыр. Qaz365.kz тілшісіне берген пікірінде әскери шолушы Амангелді Құрметұлы бұл операция Ресей аумағындағы қуатты агентуралық жұмыс арқылы ұйымдастырылуы мүмкін екенін айтты.

«Әрине,  шабуылы туралы  түрлі болжам айтылып жатыр. Украина билігі шабуылды ұйымдастыруға  бір жарым жыл кеткенін айтады. Іс жүзінде теңдессіз операция болды.  Дегенмен, егжей-тегжейі анық емес әрі жуық арада шындығы толық ашылмайды. Сондықтан біз де  тек болжам айтамыз.  Өз басым   бірнеше  маңызды дүниеге назар аудардым.  Біріншіден, қолданылған дрондар – FPV дрондар. Соңғы жылдары майданды «мөп-мөлдір» яғни алақандағыдай етіп  жүрген дрондар осылар. Олар тым қымбат емес. Әрі  қазір мұндай дрондарды қолданатындар көп. Видео түсіретіндер де, ермек қылатындар да бар.  Украинада олар  соғыс құралына айналды. Әдетте  FPV дрондар  өте ауыр жүк  көтермейді. Айталық, 1 келіден 10 келіге дейін жарылғыш  тасымалдауы ғажап емес.  Тараған  видеоларға қарасақ,  шабуылға қатыстырылған дрондар бірнеше келі ғана жарылғыш тасымалдайтын қабілеті бар  құралдар сияқты. Яғни, шағын дрондар.  Әрі First Person View технологиялары адамға тікелей  эфир режимінде бейнені көріп отыруға мүмкіндік береді. Бұлар әдетте  Wi-Fi-ға негізделген цифрлық және 900 Мгц, 1,2 Ггц, 1,3Ггц,  5,8 Ггц, 2,4 Ггц  тәрізді жиіліктерді  пайдаланатын аналогтық желі  сигналдарымен басқарылады. Сол себепті өз басым  сонау Иркутск маңындағы «Белая»  әуежайына дейін шабуыл жасаған дрондар  нақты қандай   сигналмен басқарылғанын болжай алмаймын. Меніңше, интернет пайдалаған. Онда да ресейлік байланыс операторларының 4G интернеті бар  сим-карталары орналастырылған болуы мүмкін.  Сөйтіп алыстан басқару  мүмкіндігі болған. Бірақ бұл жерде  әуежай  төңірегі алдын-ала мұқият зерттелмесе, 4G-ден де пайда болмас еді. Өйткені, сигналдар бір жерде әлсіз, бір аймақта қуатты болуы мүмкін. Сондықтан  дрон ұшырғандар тым алыста болмады деп  ойлаймын»,- дейді Амангелді Құрметұлы.

Әскери шолушының айтуынша, бұл FPV дрондар қазіргі кезде өте көп қолданылып жатыр. Олар аналогтық  сигналмен басқарылса, радиоэлектронды күрес құралдарымен  біршама кедергі жасауға болады. Ал интернетті аймақтағы барлық сигналды тұншықтыру арқылы бұғаттауға болады. Бірақ шабуылға ұшыраған әуежайлар маңында мұндай құралдар болмағанға ұқсайды.

«Шабуылдың екінші бір ерекшелігі – дрон пайдалану  технологиясындағы тың жаңалық болып тұр. Шамасы украиналықтар дрондарға арнайы бағдарлама орнатқан сияқты. Яғни құрылғы жадына орнатылған бейне, фотодеректерді аспаптың оптикасы түсірген суреттермен, бейнежазбалармен салыстыратын оптика-электронды корреляция  жүйесі орнатылады да, ол нысананы анықтайды. Әскери техникада, соның ішінде зымырандарда бұл технология баяғыдан бері қолданылады. Енді оны FPV-ге орнатуы мүмкін. Сөйтіп дрондар автономды жұмыс істей  береді. Дегенмен, дрондардың барлығы болмаса да  ішінара бірнешеуі  байланыс операторларының сим-картасы арқылы штабқа  видео жолдап отыруы мүмкін. Одан бөлек  алдын-ала контейнер әзірлеу, оларды ресейлік жүк тасымалдаушылар арқылы тиісті жерге жеткізу, контейнердің төбесі ашылып кететіндей етіп арнайы жүйе әзірлеу шынында да  операцияның өте мұқият болғанын  көрсетеді. Бірақ  операцияға қатысқандардың бәрі Ресейден кетіп қалды дегенге сенбеймін. Ел ішінде бақылаушы, координатор агенттердің қалмауы неғайбыл»,-дейді Амангелді Құрметұлы.

Қазақстанның қатысы жайлы

Ресейлік кейбір БАҚ шабуылда қолданылған дрондардың Қазақстан арқылы жеткізілуі мүмкін деген болжамдар таратты. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

«Меніңше, бұл оқиғаға Қазақстанның еш қатысы жоқ. FPV дрондарды Ресейге түрлі жолдармен кіргізуге болады. Грузиядан, Беларустан, Моңғолиядан, Қиыр Шығыс арқылы Қытайдан көптеп кіргізуге болады. Жеке адамдар заңды жолмен әкелсе, контрабанда заңсыз жолмен жеткізуі мүмкін. Сол себепті ресейлік кейбір медианың Қазақстанды айыптауы қисынсыз.  Оның үстіне  Ресейдегі жемқорлық бұл операцияның  жүзеге асуына әсер етуі мүмкін. Баяғыда Шәміл Басаев  айтты дейтін бір сөз кең тараған. «Ол Будденовскіге рейд жасағаннан кейін «ақшам бітіп қалды,  әйтпесе, Мәскеуге дейін жетер едім» депті. Сөйтіп ресейліктер арасындағы  жемқорлықты ашық көрсетті» деген әңгіме тараған. Сол сияқты  әуежайларға  шабуылды ұйымдастыру кезінде украианалық агентура салғырт-салақтықты, жемқорлықты пайдалануы әбден мүмкін. Волонтер кейпіне еніп  «соғыс үшін  дрон жинап жатырмыз» десе де  сенер еді. Жарылғыштарды да осындай сылтаумен тауып алуға болады. Сондықтан  шабуыл Ресейдің өз аймағында жоспарланып, өз аумағынан басқарылған шығар деп болжаймын. Оған  кейбір оқиғалар жанама дәлел болады. Мысалы, «Тактик» дейтін ресейлік телеграм-арнасы 31 мамырда бір ақпарат жариялаған. Онда соңғы екі аптада 40 шақты Ту-22М3 және бірқатар Ту-92МС ұшағын «Оленья» әуежайына жинап жатқанын жазған. Ал 1 маусымда шабуылға  ұшыраған әуежайлар арасында осы «Оленья» да бар. Яғни, Ресей бас штабының жоспарын украиналықтар біліп отырды деген сөз. Тіпті  барлық ұшақты бір жерге жинау идеясы да құпия агенттің кеңесінен пайда болуы ғажап емес.  Оқиғаның осындай тыңшылық-агентуралық астарын да қарастыруды ұмытпау керек. Сонымен қатар жерсеріктік суреттерді дер кезінде  беру арқылы батыс елдері де Украинаға көп көмегін тигізген сияқты. Әуежайлардың 22 мамырдан 31 мамырға дейінгі фотолары көп тарады. Сөзіме осы фотолар дәлел», — дейді Құрметұлы.

Келіссөздерге ықпалы бар ма?

Сарапшы операцияның Стамбулда өтіп жатқан Украина мен Ресей арасындағы келіссөздерге ықпалына да тоқталды.

«Стамбулдағы келіссөздер шын мәнінде Ресейдің бейбіт келісімге ұмтылып отырғанының белгісі емес. Бұл – бір жағынан уақытты созуға бағытталған қадам, екінші жағынан Трамптың жыл басынан бері жасап келе жатқан қысымына жауап ретінде қабылдауға болатын дипломатиялық ишара. Сондықтан бұл келіссөз – “біз дипломатиядан қашпаймыз” деген месседж беру үшін ұйымдастырылған, тактикалық сипаттағы шара ғана. Егер шынымен де атысты тоқтатып, бейбіт келісімге келу ниеті болса, Ресей мұндай әскери әрекеттерге бармас еді. Ал Украина жағының шабуылы – қыс бойы өз қалалары мен инфрақұрылымына жасалған бомбалау мен зымыран шабуылдарына берілген нақты жауап. Бұл операция келіссөздердің барысына тікелей әсер етпесе де, ақпараттық және психологиялық тұрғыдан Мәскеуге қысым түсіруге мүмкіндік береді», - дейді ол.