Ақпараттық технологияны жетік меңгерген Айбектің алға қойған басты мақсаты - Қазақстанда ІТ саласын дамытуға өз үлесін қосу
Биылғы саяси додаға қатысып жатқан үміткерлердің арасында заңгер де, дәрігер де, қоғамдық белсенділер де, актерлар да, танымал тұлғалар да, блогерлар да, ғалымдар да бар. Алайда сапалық құрамға көз салсақ, депутат орынтағына отырғысы келетіндердің қатарында ІТ маманы жоқтың қасы. Сондай сирек үміткерлердің бірі - Алматы қаласы №12 сайлау округі бойынша бағын сынап отырған қалалық мәслихаттың депутаттығына кандидат Айбек Елубайұлы.
Ақпараттық технологияны жетік меңгерген Айбектің алға қойған басты мақсаты - Қазақстанда ІТ саласын дамытуға өз үлесін қосу, әртүрлі салаларда халыққа өте қолайлы, әртүрлі салада қолданатын ыңғайлы мобильді қосымшаларды даярлау.
“Қазіргі таңда елімізде «цифрлық құжаттар», «электронды үкімет» деп құжаттарды біртіндеп электрондық нұсқаға көшіруге баса көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Ауқымды жұмыстар да атқарылуда. Мысалы, білім беру, денсаулық сақтау салаларында халыққа ұсынылған қосымшалар бар. Бірақ олардың әлі де болса жетілдіре түсуді өте қажет етіп тұрған тұстары да жоқ емес. Мысалы, ақпараттық технологияның жеткілікті деңгейде жетілдірілмеуі себепті, пандемия кезінде қашықтан оқу форматына көшкен оқушылар мен мұғалімдердің біраз қиындықтар көргені жасырын емес. Медицина саласындағы қосымшалардың игілігін қарапайым халық жаппай пайдаланып жүр деп айта алмас едім. Оған көп жағдайда пациенттер емес, дәрігерлер кіретіні ақиқат. Осы орайда қиналмастан, ешкімге жалынбай-ақ, өздері оп-оңай кіре алатын, ауру тарихымен танысатын, дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу сияқты әрекеттерді жеңілдететін, қолдануға ыңғайлы қосымшалар жасау ойда бар.
Күнделікті тұрмыста, қоғамда, мемлекетте шешілмей жатқан күрделі мәселелер көп. Соларды Үкіметке, билікке, әкімге, депутаттарға жеткізу үшін олардың қабылдауына жазылып, хат жазып, электрондық поштаға жолдап, ұзақ уақыт оның жауабын күтіп жүреді. Олардың алдына бармай-ақ, арнайы бағдарламалар арқылы өздерін толғандырып жүрген мәселелерді, сауалдарын, ұсыныс-пікірлерін еш қиналмастан жолдай алатындай, қысқа мерзімнің ішінде нақты жауабын ала алатындай қосымшалар керек. Кез келген саланың кұрделі проблемаларын ІТ шешімдер арқылы тезірек шешуге болатындай жобалар жасау жолында жұмыстанып жатырмыз. Алла қаласа, жобаны тестіден өткізіп, халықтың игілігіне береміз”, - деді өз ойымен бөліскен үміткер.
Айбектің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық, ауыл шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы салалары ақпараттық технологияның дамуы жағынан кенже қалған. Айталық, жолаушы тасымалдау саласында монополистер пайда болды, нарықта оларға бәсекелестік болмағандықтан, көрсетілетін қызмет бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Алып шаһардағы көп адамның жүйкесін жұқартатын көлік кептелісі, талай жанның өмірін жалмап жатқан жол-көлік оқиғалары сияқты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жоба-жоспарлары да бар екен.
“Қолға алған жобаларымыз бар. Алла қосса, соларды іске асырамыз. Әрине, оның бәрі бір жылда бітіп қалатын шаруа емес. Бұл - командалық жұмыс, оған біраз қаражат керек, уақыт қажет, сондықтан бір жылда болмағанмен, біртіндеп-біртіндеп осы ІТ жобаларды Халықтың игілігі үшін қолданысқа енгізгіміз келеді”, - деді Айбек Елубайұлы.
Әрине, қандай да бір жаңалықты немесе өзгерісті енгізу үшін, сол саланы жетік білу шарт. Бұл жерде Айбек Елубайұлының ақпараттық технология саласында ғана емес, бұған дейін ауыл шаруашылығы саласында да жұмыс істегенін айтып өткен абзал. Ұзақ жылдар бойы қазақстандық өнімдерді экспортқа шығару бағытындағы қызметінде экспортталатын тауарлардың құжаттарын рәсімдеуден бастап логистиканы ұйымдастыру, сертификаттар алу, тасымалдау барысында туындайтын мәселелерді оңтайлы шешу сияқты отандық, шетелдік клиенттің қолына тигенге дейінгі атқарылар жұмыстардың барлық сатысынан өткен.
“Осы салада жинақтаған мол тәжірибені пайдалана отырып, ІТ саласына қарай бағыттасам, оны дамытуға біраз көңіл бөлсем, Қазақстандағы ІТ өнімдерін экспорттауға көмектессем, сөйтіп, еліме пайдамды тигізсем. Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды жайт – мен осы уақытқа дейін саясатқа араласпағанмын. Ешқандай партияның мүшесі емеспін, бірде-бір саяси құрылымның мүддесін қорғамаймын. Мені депутаттың айлығы, орны қызықтырмайды. Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға бейжай қарап отыра алмаймын. Сайлауға түсудегі мақсатым - халықтың әл-ауқатын арттырып, жағдайын жақсартуға өз үлесімді қосу, халықтың көкейіндегі шешілмей жатқан проблемаларды билікке жеткізу, оларды қысқа мерзімде шешімін табуға ықпал ету”, - деді алдағы арман-мақсаты туралы ықыластана әңгімелеген Айбек.
Жалпы, Айбек 2001-2006 жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқып, «Басқару мен ақпаратты өңдеудің компьютерлік жүйелері» мамандығы бойынша тәмәмдаған соң, аталған оқу орнында «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білімін жалғастырып, «Ғылым магистрі» академиялық дәрежесін алған.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасында инженер-программист болып бастаған жас жігіт кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің компьютер орталығында (IT центр) инженер, жүйелік әкімші, «Латон» ЖШС-нің бас инженері болып қызмет етіп, тәжірибе жинақтады.
2010-2017 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқан білікті маман 2017 жылдан бері «KAZAGRO-PRO» ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылады. 2023 жылдың қаңтарынан бастап «CGM Group» ЖШС-нің бас директоры, құрылтайшысы қызметін атқаруда.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, шебер ұйымдастырушы, адал басшы ретінде қол жеткен табыстары да аз емес. Атап айтсақ, 2017 жылы «Жылдың үздік директоры» байқауында «Өз ісінің көшбасшысы» атағына ие болды. Сол жылы ҚР «Ұлттық бизнес рейтингі» бойынша отандық өнімдерді экспортқа шығарудағы «Жылдың үздік компаниясы» болып танылды. 2018 жылы Евразиялық экономикалық одаққа өз үлесін қосқан еңбегі үшін Ресей астанасы Мәскеу қаласының төріндегі «Үздік кәсіпкер» медалімен және дипломымен марапатталды.
«Менің ұстанымым – мәселені сөзбен емес, іспен шешу» деген ұранды ту еткен қамал алар жастағы атпал азаматтың алдына қойған асқақ арман-мақсаттары орындалып, ел игілігіне жарайтынына сеніміміз кәміл. Оны өзінің сайлауалды бағдарламасында да анық көрсеткен. Атап айтар болсақ:
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, осындай озық ойлы, білімді, парасатты, арманы асқақ азаматтың талай тұлпар бәйгеге түсіп, бағын сынап жатқан аламан додада маңдайы жарқырап, алдыңғылардың бірі болып келері анық.
Үгіт материалдары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституцилық заңы 28-бабы 5-тармағына сәйкес шығарылды.
Өнімдерді шығарған ЖК "QAZAQSTAN 365 MEDIA". ҚР-сы, Алматы қаласы мәслихат депутаттығына үміткер Елубай Айбек тапсырысы бойынша.
Айналым - 2 дана. Мемлекет қаржысынан төленді.