Белсенді Әйгерім Тілеужан тағы да сайлаудан шеттетілді

Qaz365.kz редакциясы

Осыдан екі апта бұрын ғана сайлаудан бір шығарып, қайта қосқан

ашық дереккөзден

Парламент мәжілісі депутаттығына кандидат болып тіркеліп, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды сайлаудан тағы да шеттетті. Осыдан екі апта бұрын ғана сайлаудан бір шығарып, қайта қосқан, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Әйгерім Тілеужанға 11 наурызда Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі "табыс декларациясындағы мәліметтердің сәйкессіздігі анықталуына байланысты мәжіліс депутаттығына кандидаттыққа тіркеуден шығарылатыны" туралы хаттама берген.

“– Салық органдарына жіберген құжаттарда "сәйкессіздік" бар дейді, бірақ оның қандай "сәйкессіздік" екенін айтпады. Комиссия Семей қаласының мемлекеттік кірістер басқармасынан келген хатқа сілтеме жасаған, алайда бізге ол не хат екенін де көрсеткен жоқ”, – дейді адвокат Айнара Айдарханова.

Адвокаттың сөзінше, ол комиссия шешімін сотқа берген. Шағым заң бойынша бір аптаның ішінде қаралуға тиіс.

Әйгерім Тілеужан бұған дейін де сайлаудан шеттетіліп, сайлауалды үгіт-насихат басталғаннан 10 күн өткен соң қайта қосылған. Ол кезде комиссия Әйгерім Тілеужанның сайлау жарнасын төлегені туралы банк мәліметіне күмән келтірген. Бұған қоса, Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматыдағы әуежайды басып алмақ болды" деп айыпталған Әйгерім Тілеужан прокуратурадан қазір үйқамақта отырғаны себепті өзінің сайлауға қатысуы "тергеу мен сотқа әсер ететіні" жайлы хат келгенін де айтқан.

Алайда 27 ақпанда Жоғарғы сот банкке сұрау салып, қаржы түскенін растаған, сонымен бірге заң бойынша, азамат үйқамақта болғаны оның үміткер ретінде тіркелуіне кедергі емес екенін түсіндірген және Әйгерім Тілеужанның "мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде сайлауға қатысуына кедергі жоқ" деген шешім шығарған. Осыдан кейін үміткер сайлау алдындағы үгіт-насихатына кіріскен.

Арада 12 күн өткен соң сайлау комиссиясы оны кандидаттықтан алып тастау туралы қайтадан қаулы шығарып отыр.

Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенді Әйгерім Тілеужанды 2022 жылғы 17 қарашада екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Оған байланыс құралдарын пайдалануға, әлеуметтік желіге жазба жазуға тыйым салған.

Биыл қаңтарда Қазақстан парламентінде өткен тыңдау кезінде бас прокурор Берік Асылов Әйгерім Тілеужанды "Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырушы" ретінде атаған.

Былтыр қазан айының соңында Әйгерім Тілеужан өзін Қаңтар оқиғасымен байланысты істе "куәгерден" "күдіктіге" ауыстырғанын хабарлаған еді. Айтуынша, ол 5 қаңтарда Алматы әуежайында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайға барғанын мойындаған, бірақ "әуежайды басып алу әрекетін ұйымдастырды" деген айыпты жоққа шығарған.