ҚР СІМ өзін қатаң сынаған Төреғожинаға не деп жауап берді - видео

Qaz365.kz редакциясы

Төреғожинаның сөзінше, шараға қазақстандық өкілдер қатыспаған

ашық дереккөзден

 Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-та марапатталған қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның сынына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.


«Ол постты мен де оқыдым. Ақ үйдегі өткен Бақытжан Төреғожинаны марапаттау рәсіміне шақыру Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевтың атына келді. Ол дәл осы кезеңде Хьюстон қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрімен бірге бір делегацияда келіссөзде болған. Америкалық мемлекеттік хаттаманың және Ақ үй талаптарына сәйкес, бұл шақыру басқа адамға берілмейді. Біз елшінің орынбасарын жіберейін деп едік, бірақ олар қарсы болды. Тек бір адамды шақырған», - деді Айбек Смадияров бүгінгі брифинг кезінде.


Оның айтуынша, осыған байланысты басқа қазақстандық дипломаттарда ол рәсімге қатысуға мүмкіндік болмаған.
«Қазақстан елшісі бұл күнде бос емес екені хабарланды ма?» деген сұраққа Смадияров «иә, хабарланды» деп жауап берді.
«Елші мына жаққа немесе басқа жаққа бара жатыр деп кімге хабарлап отыруымыз керек?» - деп сұраққа сұрақпен жауап берді ҚР СІМ ресми өкілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақ үйде АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Әйелдер ерлігі үшін» сыйлығын алған қазақстандық белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қазақстандық дипломаттарды қатаң сынға алған еді. Оның айтуынша, Ақ үй лауреаттарды марапаттау салтанатына сыйлық алуға келген азаматтардың елдерінің елшіліктерін де шақырған. Бірақ Төреғожинаның сөзінше, шараға қазақстандық өкілдер қатыспаған.


«Жиынға Қазақстаннан басқа барлық елден келді. Барлық елшіліктер өз лауреаттарын құттықтады, суретке түсті. Мен Ақорданың саяси қарсыласы екенімді түсінемін, бірақ мен Қазақстанның азаматымын. Неге жұрттың алдында өзімізді масқаралауымыз керек? Қиындыққа тап болған өз азаматтарын қорғаймыз, бірақ Біздің Сыртқы істер министрлігі марапат алып, Қазақстанның атынан шыққанда құттықтамайды, мен ұялдым», - деп жазған еді ол әлеуметтік желіде.