#DubaiUnlocked халықаралық тергеуі: ҚМА Дубайдағы қазақстандық элитаның мүлкін қашан тексере бастайтынын түсіндірді

Nur-Altay Umirzak

Бұл «Ескі Қазақстан» өкілдерімен байланысты элиталық жылжымайтын мүліктің шығу тегіне қатысты тергеу мәселесі

Фото: AFP via/Getty Images

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «ескі Қазақстан» өкілдерімен байланысты элиталық жылжымайтын мүліктің шығу тегіне қатысты тергеу жүргізу мүмкіндігіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Елемесовтің айтуынша, агенттік мұндай тексерулерді өз бетінше бастай алмайды. Тергеу жүргізу үшін уәкілетті органдар тарапынан аталған активтердің заңсыз жолмен алынғанын растайтын ресми қорытынды қажет.

«Иә, әрине, біз бұл мәселеге мүдделіміз. Егер сізде аталған активтердің қылмыстық жолмен алынғаны туралы нақты ақпарат болса, бізге ұсына аласыз. Бірақ біз мұндай тексерулер жүргізуге уәкілетті орган емеспіз. Оларды арнайы тағайындалған органдар жүргізіп, кейін бізге ресми қорытынды немесе акт береді. Сол кезде біз құқықтық баға беріп, процессуалдық шешім қабылдаймыз», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, Елемесов агенттікке қаржылық мониторинг субъектілері күмәнді немесе белгіленген шекті мөлшерден асатын операциялар туралы ақпарат беретінін, бұл да талдау мен әрі қарай әрекет етуге негіз болатынын айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін #DubaiUnlocked халықаралық тергеуі барысында жоғары лауазымды қазақстандық тұлғалар мен олардың туыстары Дубайда қымбат жылжымайтын мүлікке иелік ететіні анықталған болатын. Аталған тергеуде Әсел Құрманбаева (Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі), Қайрат Сатыбалды, сондай-ақ Ерлан Тұрғымбаев пен Серік Ахметовтің балаларының есімдері аталған.